Білім

Отбасылар биатлоннан жарысқа түсті

Петропавлда Халықаралық биатлон күніне орай аталған спорт түрінен жарыс өтті. Бұл сайыстың форматы ерекше. Алғаш рет отбасылар сынға түсті. Додаға биатлонмен айналысатын балалардың ата-аналары тартылған.

ИГОРЬ ИЛЬИН, биатлоннан СҚО аға жаттықтырушысы:

– Халықаралық биатлон күніне орай отбасылық эстафета өткізуді жөн көрдік. Бастамамызды ата-аналар қолдай кетті. Бұдан олардың спортқа деген ынталарының жоғары екенін көреміз. Барлығы – 30-ға жуық команда құралды. Жылдан-жылға биатлонға қызығушылардың санып көбейіп, жетістіктеріміз артып келеді.

Жанұялар жарысына отбасы мүшелері белсенді қатысты. Оны бір-біріне көрсетіп жатқан қолдауларынан байқауға болады. Сайысқа қатысушылардың бірі – Ковановтар әулеті. Отғасы жарысқа жұбайы және қос қызымен келіпті.

СЕРГЕЙ КОВАНОВ, жарысқа қатысушы:

– Балаларым бірнеше жылдан бері биатлонмен айналысады. Отбасылық сайыс болғандықтан ұсыныс түскенде бас тартпадық. Жарыс өзіме ұнады, тартысты әрі көңілді өтіп жатыр. Өзімнен зор нәтиже күткен едім, үш рет аяғымның бұлшық еті тартылып қалды. Спортпен жиі айналысу керек екен.

УЛЬЯНА КОВАНОВА, жарысқа қатысушы:

– Биатлонға бірінші сыныпта оқып жүргенде келдім. Маған бұл спорт түрі қатты ұнайды. Қыста да, жазда да айналысуға болады. 8 жыл ішінде жарысқа қатыса жүріп Қазақстанның көптеген қалаларын араладым.

Жарыс соңында қатысушылар мерекелік дастархан басына жиналып, жеңімпаздар мақтау қағазы және кубоктармен марапатталды.

Севара Зияхан