Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттады

Әртістер мен әншілер, мың бұралған бишілер, ел сыйлаған күйшілер, сәнгерлер мен сазгерлер. Сегіз қырлы, бір сырлы мұнша солтүстікқазақстандықтың басы күнде бір жерде тоғыспайды. Біле білсек, 21-ші мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні. Көктемнің кезекті айындағы кезекті мереке. Астың дәмін тұз келтірсе, қоғамның сәнін талантты теріскейліктер келтіріп жүр. Олар көрерменді, тыңдарманды, бағалаушы тарапты түрлі сезімге бөлейді. Бұл – екінің бірінің қолынан келмейтін қасиет. Атаулы датаға байланысты облыс орталығында дәстүрге айналған салтанатты шара ұйымдастырылды. Мерекелік жүздесу барысында дүйім жұртты аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұл – мереке туған жеріміздің рухани дамуына және бай мәдени мұрамызды дәріптеуге зор үлес қосып жүрген әрбір мәдениет қызметкері үшін ерекше күн. Мәдениет саласының өкілдері – өз ісінің нағыз шеберлері. Өңірді құрметтеген ерекше жандар. Біздің облыста мәдениетіміздің дамуына ерекше серпіліс беріп, биік шыңдардан көрінген тұлғалар аз емес.

Бұл кісілерге мақтау да, марапат та жарасады. Мерекелік шара барысында бір топ жерлесіміздің мерейі үстем болды. Ең алдымен ортаға сәндік-қолданбалы өнер суретшісі Болат Әсербеков шықты.

Алпысты алқымдаған азаматқа Президенттің Жарлығымен ұлттық мәдениеті дамытуға және насихаттауға қосқан айрықша үлесі үшін «Құрмет» ордені табысталды. Мұндай салмақты марапат көп жылғы ілкімді істер үшін ғана беріледі. Ал талантты теріскейліктің сіңірген еңбегі зор. Оны Қазақстанда ғана емес, шекара сыртында да таниды, жұмыстарын жоғары бағалайды.

БОЛАТ ӘСЕРБЕКОВ, сәндік-қолданбалы өнер суретшісі, “Құрмет” орденінің иегері:

– Бірнеше жобам Атырау қаласында жүзеге асты. Мысалы, Бейнелеу өнері музейі, орталық мешіт және Сарайшықтағы музей – менің бастамаммен тұрғызылған туындылар. Петропавлда да ізім қалды. 19-шы ықшам ауданындағы мешіттің, Ислам музейінің және тағы да басқа нысан менің ақыл-кеңесіммен салынды. Сонымен қатар, Абай мен Жамбылдың панносын жасадым. Бұл жұмыстар көпшілікке таныс деп ойлаймын. Картиналарым әлемнің көптеген елдеріне тарады. Марапат үшін алғыс білдіремін. Орденді ата-анамның көрмей, естімей кеткені қынжылтады. Ол кісілер менің нағыз қолдаушыларым, бағалаушыларым болды.

Марапат бірінен соң бірі иесін тапты. Мәдениет және ақпарат министрлігі бірнеше жерлесімізге «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін жолдапты. Соның бірі шалақындық Сәкен Нүкеновтың кеуде тұсында жарқылдады. Қырық жылға жақын салада жүрген азамат «Ел іші – өнер кеніші» деп біледі.

СӘКЕН НҮКЕНОВ, Шал ақын аудандық мәдениет үйінің музыка жетекшісі:

– Бұрын ауылдарда оркестр, ансамбльдер болды. Небір шаралар ұйымдастырылатын. Тоқырау жылдарында соның бәрін жоғалтып алдық. Ал қазір ақырын жанданып жатыр. Қуантады. Ауылдарда таланттар жетерлік. Соларды қолдау керек.

Марапат табыстау кезінде қошеметтен құлақ тұнды. Бұл – сала қызметкерлерінің бір-біріне деген құрметі, қуанышты бөлісуі. Мұндай сыйластық әрдайым болғаны жөн. Кейін мерекелік кеш концертпен жалғасын тапты. Ән шырқалды, музыкалық аспаптар ойналды.