Денсаулық сақтау

Медициналық колледж түлектері жұмыс орындарына таратылды

Жұмағали Тілеулин атындағы Солтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжінің түлектері жұмыс орындарына таратылды. Бұл – оқу жылы соңында өтетін дәстүрлі шара. Биыл білім ұясын 323 жас тәмамдаса, соның 144-і грантта оқыды. Талап бойынша ақысыз негізде тәлім алған жастар ғана арнайы комиссия шешімі негізінде қызметке жолдама алады.

НҰРСҰЛТАН САРЖАНОВ, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Бүгінгі таңда колледж түлектері жұмысқа шақырушы ұйым басшыларымен алдын ала кездесуден өтті. Бірқатарына шақыру түсті. Қазір нақты шешім қабылдаймыз. Сол бойынша жастар диплом алғаннан кейін қызметке қабылданып, еңбек ететін болады.

Түлектерді тарату шарасына аудандық аурухана өкілдері де қатысты. Аққайың ауданына бірнеше маман қажет. Таңдау жасағандарға қолдау қарастырылған.

РИНАТ УЛМЕСЕКОВ, Аққайың аудандық ауруханасы директорының уақытша міндетін атқарушы:

– Бізге медбикелер, фельдшерлер керек. 6-7 маманды жұмысқа шақырамыз. Түлектерге көтермеақы беріледі, үй ұсынылады.

Колледж қабырғасында 6 мамандық бойынша оқыған түлектер комиссия алдына кезек-кезек шықты. Егер ұл-қыздар өздерін тәжірибе барысында жақсы көрсетсе, сұрақ-жауап көпке созылмайды. Үміткер бірден қабылданады. Сондай жастың бірі – фельдшер Ділназ Сман.

ДІЛНАЗ СМАН, Жұмағали Тілеулин атындағы Солтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжінің түлегі:

– Көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасына жұмысқа орналасам. Колледж қабырғасында алған білімім елімізге пайдасын тигізеріне сенімдімін.

Қоса кету қажет, бүгінгі таңда өңірге 400 орта медицина қызметкері қажет. Осы орайда денсаулық сақтау басқармасы ақылы негізде оқыған студенттерге де жұмыс ұсынуға даяр.