Қоғам

Гендерлік тепе-теңдік – қоғам дамуының негізі

“Гендерлік тепе-теңдік – татулық пен тұрақтылықтың негізі: тиімділік, талпыныс, трансформация”. Бүгін Петропавлда осындай атаумен форум өтті. Маңызды шараға ҚР Президентінің кеңесшісі Күнсұлу Закарья, Сенат пен Мәжіліс депутаттары, облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов қатысты. Мақсат айқын – ерлер мен әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін теңестіру. Басқосуға арнайы келген халық қалаулысы Үнзила Шапақ елімізде бұл өзекті мәселені шешуде қандай жұмыстар атқарылып жатқанын айтып берді.

ҮНЗИЛА ШАПАҚ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Өткен жылы “Amanat” партиясының бастамасымен көшбасшы қыз-келіншектерді шыңдауға арналған “Томирис” атты жоба іске қосылды. Игі бастаманың аясында жоғары лауазымда отырған нәзікжандылардың саны екі есеге артты.

Бір қолымен – бесікті, екінші қолымен – әлемді тербеткен жандардың қолынан бәрі келеді. Әлемге танымал тұлғалар шешесінің берген тәрбиесінің арқасында жетістікке жеткен. Бұл айтылған сөздерді Сенат депутаты Геннадий Шиповских те дұрыс деп санайды.

ГЕННАДИЙ ШИПОВСКИХ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Бұл мәселе – Мемлекет басшысының жіті бақылауында. Біз гендерлік тепе-теңдікті сақтау мақсатында әкелер институтында қалыптастыруымыз қажет.

Бүгіндері қазақстандық нәзікжандылар ерлермен қатарласып, еліміздің саяси, экономикалық өміріне белсене қатысып жүр. Маңызды салаларда қызмет ететіндері де аз емес. Оған ортада отырған Күнсұлу Дальтонқызы, Үнзила Шапақ, Әсем Рахметовалар дәлел. Жиынға қатысушы Халима Жантөрееваның айтуынша, гендерлік тепе-теңдік саясаты оң жолға қойылса, елімізде ажырасқан отбасылардың саны азаяр еді. Айта кету керек, Халима Жантөреқызы облыс орталығына түркі әлемінің астанасы Түркістан облысынан келген.

ХАЛИМА ЖАНТӨРЕЕВА, “Amanat” партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары:

– Екі жақтың ата-анасы жас жұбайлардың ортасына түспеу қажет. Одан қалды, “Ішіме де сыйған қыз, сыртыма да сыяды” деген қате түсінік деп ойлаймын. Домалақ пен Ұмай аналарымыз сияқты болуымыз қажет.

Форумға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 300-ден астам адам қатысты. Олар күні бойы аталған мәселені шешуде облысымызда атқарылып жатқан жұмыс ауқымымен танысады.