“ЭтноGame”. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясында осындай атаумен этномәдени үстел ойыны ұйымдастырылды. Ойынның атауы да, форматы да өзгеше. Ортадағы суретте бейнеленген бұйымды қай ұлттыкі екенін анықтау керек.
РҮСТЕМ АРМАН, шараны ұйымдастырушы:
– Бұл ойынның мақсаты – еліміздегі түрлі этностардың мәдениетін білу, үйрену. Ортада суреттер жатады. Ол домбыра немесе киіз үй сияқты заттар болуы мүмкін. Қатысушылар қайсысы сурет, қайсысы елді сипаттайтынын табуы керек. Сайыс ойыншылардың есте сақтау қабілетін дамытады, себебі, басқа ұлттың музыкалық немесе басқа да аспаптарын жадта сақтау қажет.
Идея – Ассамблея өкілдерінікі. Ойынға қатысушылардың дені де осы белсенді жандар. Қоғам белсендісі Гүлбақша Мұсабаеваның айтуынша, мақсат – түрлі этнос жастарының басын қосып, бірлігін нығайту.
ГҮЛБАҚША МҰСАБАЕВА, “Ұрпақ” қазақ мәдени-ағарту орталығының төрайымы:
– Ойынның аты ойын. Ойын арқылы адам қызығады, тез ұғып алады. Жарыс болғандықтан жүйрік болуға тырысады. Басқа этностардың мәдениетін есте сақтау қиын, бұл ойын арқылы оңайға соғады.
Ойын түрінде өткен шараға 30-ға жуық адам қатысты. Жеңімпаз жоқ. Бұл жерде достық басым түсті. Қатысушылар бүгін ой ұшқырлығымен танылды, ойыннын ерекше әсер алды. Соңында алғыс хаттармен марапатталды.
Севара Зияхан