Мәдениет

Театр ұжымы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткеріне құрмет көрсетті

Мәдениет және өнер қызметкерлері күнінде елорда төрінде “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” атағын алған Біржан Жалғасбаевты өзі басшылық ететін ұжым думандатып қарсы алды. Қызметкерлердің бір тобы далада құттықтауды жаудырса, екінші жартысы театр ішінде күтті. Жылы лебіз, қайта-қайта көрсетілген қошемет, қағытпа қалжың жүздесудің көркін келтірді. “Құтты қонақ келсе, қой егіз табар” дегендей, көпшілік ішінде аса жоғары марапат иесінің ұстазы Бекболат Құрманғожаев та болды. Жергілікті көрермендер үшін қойылым дайындап жатқан білікті режиссер сонау 2000 жылы Біржан Нұрмаханұлын Петропавлға әкеліпті.

БЕКБОЛАТ ҚҰРМАНҒОЖАЕВ, Біржан Жалғасбаевтың ұстазы:

– Шәкіртімнің қуанышына дөп келіп отырмын. Петропавлда жұмыс бабымен жүрмін. Бұл – адамның 25 жылғы еңбегі. 10 жыл театрды басқару оңай шаруа емес. Бұл – тек Біржанның емес, ұжымның емес, күллі Қызылжар жұртының қуанышы.

Биыл С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының құрылғанына 25 жыл толады. Біржан Жалғасбаевтың марапаты мерейтойға тамаша сый болды. Ұжым бөрікті аспанға атты. Барлығының қуанышында шек жоқ.

ДӘУРЕН ТОЙБАЗАРОВ, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының көркемдік жетекшісі:

– Біржан Нұрмаханұлы екеуіміз құрдаспыз. Жүрегі кең адам. Әрбір қызметкердің марапатына қуанады. Барлығы сыйлайды, барлығы құрмет тұтады. Марапат өз иесін тапты деп білемін.

Президенттің жарлығы бойынша “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” атағын алған Біржан Жалғасбаев марапат күллі ұжымның жемісі деп біледі. Мұндай сый бір күнде келген жоқ. Театр труппасы ширек ғасыр ішінде қалай қиындықты бастан өткерді. Дегенмен, мойымай алға басты. Бүгінде Қазақстанға ғана емес, алыс-жақын шет елдердің біразына танымал.

БІРЖАН ЖАЛҒАСБАЕВ, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының директоры:

– Қазақстанда 70-ке жуық театр бар. Марапат тағайындау барысында осы театрлардың жұмысы қарастырылады. Қойылымдар, сапарлар, жетістіктер ескеріледі. Кеше елдегі театр директорлары ішінен мен ғана марапат алдым. Бұл да бір үлкен дәреженің белгісі деп ойлаймын.

Қоса кетуіміз қажет, бұған дейін “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” атағын өңірімізде 4 адам алыпты.

 

Байболат Құлтанов