Қоғам

Студенттер тігіншілердің жұмысымен танысты

Шыдамдылық, сабырлық пен ұқыптылық. Бұл – тігін фабрикасында жұмыс істейтін әр адамның бойында болуы керек қасиеттер. Себебі, мұнда әр сантиметр маңызды рөл атқарады. Зор жауапкершілікті талап ететін жұмысқа жастардың қызығушылығын оятып, барынша тарту керек. Осы мақсатта “AMANAT” партиясы жанындағы “Жастар рухы” жастар қанатының өкілдері тігін фабрикасында экскурсия ұйымдастырды.

БЕКЗАТ ЛАТЫПОВА, “AMANAT” партиясы CҚОФ жанындағы “Жастар рухы” ЖҚ төрайымы:

– Мұндай экскурсияларды біз жастар арасында жиі ұйымдастырамыз. Іс-шаралар “Жұмысшы мамандықтар” жылы аясында өткізіледі. Мұндағы мақсат – жұмысшы мамандықтары жайлы стереотипті бұзу және осындай мамандықтардың маңыздылығы туралы айтып өтеміз.

Экскурсияға жергілікті университеттің 1-ші курс студенттері келіпті. Ұл-қыздар киімнің қалай тігілетінін өз көздерімен көріп қана қоймай, толғандырып жүрген сұрақтарының жауабын тікелей мамандардан естуге мүмкіндік алды. Солардың қатарында Ақгүл Туниязова да бар. Бойжеткен тігін тігу ісімен алғаш рет танысты.

АҚГҮЛ ТУНИЯЗОВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:

– Тігіншілік маманы сұранысқа ие. Алайда, жастар айлығы аз деп ойлайды, негізі, жақсы мамандықтардың бірі, айлығы да жаман емес. Киімнің жасалу жолы – барлық процестерін көзімізбен көрдік. Өзіме қатты қызық болды.

“Прогресс” тігін фабрикасы көне өндіріс орны болып саналады. Негізі сонау 47-ші жылы қаланған. Қазір кәсіпорында мемлекеттік тапсырыс аясында еліміздің қарулы күштеріне және арнайы қызметке арналған киімдер тігіледі. Фабрикада барлығы – 85 адам еңбек етеді.