Биыл бес солтүстікқазақстандық кене энцефалитін жұқтырып алған. Жапа шекендер – ересек адамдар, оның үшеуі қала тұрғыны болса, қалған екеуі – Қызылжар ауданының азаматтары. Бұл дерт адам өміріне аса қауіпті. Кене шаққан жандар қазір ауруханада ем қабылдап жатыр. Мамандардың айтуынша, жағдайлары орташа.
АЙНАШ САҒЫНДЫҚОВА, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы:
– Бұл азаматтар кене шаққан кезде дереу медициналық көмекке жүгінген. Зиянкесті де зертханаға алып келген. Тексеріс барысында кене энцефалиті анықталған.
Биыл кененің шағуы да, кене энцефалитін жұқтыру да көп. Оған статистика дәлел. Биыл зиянды жәндік жұқтыратын дерттің бесеуі бір жарым ай көлемінде тіркелсе, өткен жылы дәл осынша сан сәуір мен қазан аралығында анықталған.
АЙНАШ САҒЫНДЫҚОВА, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы:
– Облысымызда сәуір айынан бастан кене шағудың 408 фактісі тіркелген. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3 есе өсім байқалуда. Соңғы екі аптада кене шағудың 161 фактісі тіркелген.
Биыл кенеге тап болған 400-ден аса адамның 100-ден астамы – жасөспірімдер. Осы орайда мамандар қауіпті дерттің алдын алу мақсатында екпе егуді ұсынады. Облыста 600-ге жуық жан кене энцефалитіне қарсы екпе алған.