Қоғам

Петропавлда кезекті бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

Еңбек адамы – елдің байлығы. Бүгін Петропавлда бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Шараға 30-ға жуық ұйым өкілі қатысты. Атап айтқанда, облыстық полиция департаменті, ТЖД, зауыттар мен мамандандырылған күзет қызметі жүйесінің қызметкерлері төбе көрсетті. Соңғы аталған басқармада 80-ге жуық адам жетіспейді. Мамандар осы салаға қатысты жұмыс іздеп жүрген жандарға қойылатын талаптар туралы айтты.

ӘСЕТ ТІЛЕУЛИН, СҚО мамандандырылған күзет қызметі басқармасы батальоны командирінің орынбасары:

– Талаптарға сәйкес бізге 35-ке дейінгі жастар мен азаматтарды жұмысқа шақырамыз. Біздің қызмет – мемлекеттік мекемелерді күзету. Бізде жұмыс істеген азаматтар 48 жаста зейнетке шыға алады.

Жұмыссыз жүргендерге – зор мүмкіндік. Қала тұрғыны Александр Зейферт “Ақпараттық технологиялар” мамандығына оқыған. Талай жыл осы салада еңбек еткен. Қыр-сырын жақсы біледі. Азамат белгілі бір себептермен жұмыссыз қалған. Бүгінгі шараның арқасында екі қолына бір күрек табылатынына сенімі мол.

АЛЕКСАНДР ЗЕЙФЕРТ, қала тұрғыны:

– Өкінішке қарай, соңғы уақытта түрлі қиындықты бастан өткердім. Жұмыс істеуге мүлде шамам болмады. Бірақ, мен еш мойымаймын. Өзімді білікті маман санаймын. Қолымнан бәрі келеді. Ақпараттық технологиялар саласы қазіргі таңда қоғамға ауадай қажет қой. Сондықтан, лезде жұмыс табатыныма сенімдімін.

Ұйымдастырушылар шараға 800-ден астам адамды шақырған. Барлығы – “Еңбек мобильділігі” және “Мансап” орталықтарында тіркеуде тұрған жандар.

БОТАКӨЗ ОРАЗБАЕВА, СҚО “Еңбек мобильділігі” орталығы директорының орынбасары:

– Мұндай шараларды ай сайын өткіземіз. Жәрмеңке тек қалада ғана емес, облысымыздың барлық аудандарында өтіп жатыр. Қазіргі таңда тұрғындар жұмыссыз ретінде тіркелуі үшін орталыққа келуі міндет емес. Адамдар сағаттап кезек күтпей-ақ электронды форматта өздерінің түйіндемелерін жібере алады.

Теріскейде жұмыссыздық деңгейін төмендету шаралары қарқынды жүріп жатыр. Осы ретте дәлел ретінде сандарды сөйлетсек, 2024 жылы 20 мың солтүстікқазақстандық екі қолға бір күрек тапқан. Оның 4 мыңы бос жұмыс орындары жәрмеңкесі арқылы жұмысқа тұрыпты.

 

Нұрасыл Ахмет