Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі жұмыс сапарымен М.Жұмабаев ауданына барды

Алғашқы нысан ауыл шаруашылығымен айналысатын «НұрСен Агро» серіктестігі. Мұнда облыс әкімі көктемгі дала жұмыстарының ұйымдастырылуымен танысып, жаңа техника мен агротехнологияларды пайдалану барысын көрді. Ағымдағы жылы шаруашылық 9 мың гектардан астам жерге дәнді және майлы дақыл егуді жоспарлап отыр.

ҚАНАТ СЫЗДЫҚОВ, «НұрСен Агро» ЖШС директоры, М.Жұмабаев ауданы:

– Бүгінгі таңда егіс көлемінің 30 пайыздан астамын игердік. Алдымен майлы және бұршақ дақылдарын ектік, енді астық пен мал азықтық дақылдарға көштік. Қажетті жанар-жағармай, қосалқы бөлшектер, тұқым және тыңайтқыштар толығымен дайын. Мемлекеттік жеңілдетілген лизинг бағдарламасы аясында жаңа техника – CLAAS маркалы трактор мен тұқым сепкіш агрегат алдық.

Сапар аясында облыс әкімі жергілікті ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кеңес өткізіп, аудан әкімі Рахат Смағұловтың көктемгі егіс жұмыстары жөніндегі баяндамасын тыңдады. Биылғы егіс алқаптарының құрылымында жоғары табысты дақылдарға басымдық берілген.

РАХАТ СМАҒҰЛОВ, М. Жұмабаев ауданының әкімі:

– Биыл аудан бойынша 330 мың гектар жерге дәнді дақыл себіледі. Жасымық – 19 700 гектар, ноқат – 7 800 гектар, күнбағыс 6 900 гектар алқапқа егіледі. Бұл көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда едәуір жоғары. Сонымен қатар, 5 мың тонна элиталық тұқым сатып алынып, тұқымды жаңарту үлесі 10,5%-ды құрады.

Келесі нысан – жаңадан ашылған жол бойындағы сервистік кешен болды. Жобаның жалпы құны 500 млн теңгеден асады. Жаңашыл жоба жолаушыларға сапалы қызмет көрсетіп қана қоймай, жергілікті тұрғындарға қосымша жұмыс орындарын ұсынды.

– Решили для ребят, которые в дороге, сделать хорошие условия. Чтобы они могли сходить в определенные комнаты, перекусить горячее, что-то взять холодное…

Ауданда жүзеге асып жатқан тағы бір маңызды жоба – ағаш өңдейтін «АЗИЯ WOODS» кәсіпорны. Мұнда ағаш жаңқасы, тақтай, паллет және «Пини-Кей» типіндегі отын брикеттері шығарылады. Өнімдерге металлургия саласында сұраныс жоғары.

ДМИТРИЙ ПОСТОВОЙ, «Азия Woods» ЖШС директоры:

– Еліміздің әр өңірінде металлургия кәсіпорындары ашылып жатыр. Бұл біздің өнімдерге сұранысты арттырды. Ағаш жаңқасына да сұраныс өсіп келеді. Бұл бағытта әлеуетіміз жоғары.

Әрі қарай облыс әкімі 2008 жылдан бері жұмыс істейтін «Ақ қайың» балалар лагеріндегі жөндеу жұмыстарымен танысты. Биыл нысанды жаңартуға 83 млн теңге бөлінді. Лагерь бір мезгілде 9-16 жас аралығындағы 85 баланы қабылдауға қауқарлы. Мұнда 20 педагог жұмыс істейді. Онда тоғыз үй, асхана, медициналық пункт, спорт алаңдары мен сахна бар.

МҰРАТ ОРТАМЫШЕВ, «Ақ қайың» балалар сауықтыру лагерінің директоры, М.Жұмабаев ауданы:

– Асханамыз мүлде басқа болады. Үйлердің де келбеті өзгереді. Биыл 7 маусым бойы балаларды қабылдауды жоспарлап отырмыз. Өткен жылы 5 маусым ғана болған. Биыл 330 жолдама береміз. Бұл демеушілер мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының көмегімен мүмкін болып отыр. Өткен жылы 123 жолдама ғана берген едік.

Өңір басшысы әлеуметтік нысандарда сапалы жұмыс жүргізудің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, балалар қауіпсіздігі бірінші орында болуы керек.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бөлінген қаражатты тиімді жұмсау қажет. Ең бастысы – сапа және балалардың қауіпсіздігі. Электрмен жабдықтау, инфрақұрылым мәселелері қатаң бақылауда болуы керек.

«Таза Қазақстан» экологиялық жобасы аясында қылқан жапырақты ағаштардың жаппай отырғызылуы өтті. «Ноғайбай» ЖШС директоры Алтынбек Сапаровтың бастамасымен 23 мың көшет сатып алынып, Булаев орман шаруашылығына берілді.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бүгін осындай маңызды шара – ағаш отырғызуға байланысты сіздерді құттықтағым келеді. Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» акциясы екінші жыл қатарынан өтіп жатыр. Бұл тек акция емес – бұл біздің өмір салтымыз. Жасыл желекті сақтау – бәріміздің міндетіміз.

Ағаш отырғызу шарасына М.Жұмабаев атындағы мектептің 25 оқушысы да қатысты. Олардың қатарында 9-сынып оқушысы Шынар Тәңірберген де бар.

ШЫНАР ТӘҢІРБЕРГЕН, М.Жұмабаев атындағы орта мектебінің оқушысы, М.Жұмабаев ауданы:

– Қазір «Таза Қазақстан» акциясы өтіп жатыр. Біз оған қатысып жатқанымызға қуаныштымыз. Өз қаламызды көркейтуге үлес қосып жатырмыз. Булаево одан әрі де көркейе түссе екен дейміз.

Сондай-ақ, Президент тапсырмасы аясында «Тазалық 2025» мемлекеттік кәсіпорны құрылды. Мекемеге облыс бюджеті есебінен коммуналдық техника сатып алынды. Бұл қызметтердің дайындық деңгейін арттыруға және өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған.

Успенка ауылында су жеткізуді жақсарту бағдарламасы аясында жаңа су құбыры алаңының құрылысы жалғасуда. Жобаның жалпы құны – шамамен 196 млн теңге. Жоба аясында әрқайсысының сыйымдылығы 100 текше метр болатын екі таза су қоймасы, 25 текше метрлік су мұнарасы, сорғы станциясы және 2 жарым шақырымға, сондай-ақ, бақылау-өткізу пункті мен қоршау салынуда.

Сонымен қатар, облыс әкімі Сулышоқ ауылындағы жаңа шағын орталыққа барды. Елді мекенде облыс әкімі қоныс аударған отбасылардың жағдайын білді. 2017 жылы Талдықорған қаласынан көшіп келген Гүлнұр Ахаева мен Асхат Нүсіпов 17 бала тәрбиелеп отыр. Ал Түркістан облысынан қоныс аударған Нүркен Нүрсейт пен Сарагүл Бейсебаеваның отбасы 9 баланы өсіріп жатыр.

ГҮЛНҰР АХАЕВА, көпбалалы ана, М.Жұмабаев ауданы:

– Шын жүректен алғысымды Талғат Болатұлы мен Қайрат Сапарғалиұлына да білдіргім келеді. Олардың көмегінсіз бұл істің бірі де жүзеге аспас еді. Олар әрдайым бізге қолдау көрсетіп келеді, барлық отбасыларға көмек қолын созуда. Көп рахмет, әрдайым келіп, хал-жағдайымызды біліп, не қажетіміз барын сұрап отырады.

Облыс басшысы көпбалалы отбасы мүшелеріне естелік сыйлықтар табыстады. Ал Ахаевтар отбасының қызына М.Қозыбаев атындағы университетіне оқуға шақыру хатын тапсырды.

Сапар соңында аймақ басшысы Булаев қаласында 58 жыл бұрын салынған мектеп-балабақша кешеніндегі күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Жоба құны – 136 млн теңге. 2025 жылы нысан толық жаңғыртылып, заманауи жағдай жасалмақ.

Сапар соңында Ғауез Нұрмұхамбетов аудан тұрғындарымен кездесті. Онда аймақ басшысы 2024-2025 жылдар аралығында атқарылған жұмыс қорытындысына тоқталды.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Облыс экономикасының негізі – ауыл шаруашылығы. 2024 жылы ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 936,8 млрд теңгені құрап, 135,9% өсім көрсетті. Өткен жылы 6,5 млн тонна астық, 784 мың тонна майлы дақыл, 102 мың тонна картоп және 38 мың тонна көкөніс өндірілді. Солтүстік Қазақстан облысы – республика бойынша бірінші орында.

Кейін аудан тұрғындары өзекті мәселелер бойынша сұрақтарын қойды. Кездесу соңында көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілері табысталды.

“Первый Северный” телеарнасы