Қоғам

Мектеп оқушылары теміржол вокзалының тыныс-тіршілігімен танысты

Бүгін қала мектептерінің оқушылары теміржол вокзалына экскурсияға барды. Зәулім кешенді көрді, қызметкерлердің жұмысымен танысты. Ең алдымен жеткіншектерге қауіпсіздік ережелері түсіндірілді.

Бірер күнде оқу жылы да аяқталады. Балалардың көптен күткен жазғы демалыстары басталады. Алдағы 3 айда жеткіншектер ата-аналарымен бірге жер-жерді аралайды, қыдырады. Көбі ұзақ жолды пойыз арқылы еңсергісі келеді. Сондықтан, оңы мен солын дұрыс білмейтін ұл-қыздар үшін осындай шараларды жиі өткізу аса маңызды. Игі бастама қайғылы жағдай мен құқықбұзушылықтың алдын алуға септесетіні сөзсіз.

ТІЛЕУБЕРГЕН АХМЕРОВ, Петропавл станциясындағы ЖПБ бастығының орынбасары:

– Профилактикалық шараларды ұдайы өткіземіз. Осының арқасында пойыз маңындағы оқыс оқиғалардың саны екі есеге азайды.

Содан соң балалар жаңа ғана тоқтаған пойыздың тыныс-тіршілігімен танысты. Әр бөлмеге бас сұғып, жағдайын көрді. Шара барысында жеткіншектердің көңілін көтеру мақсатында ақыл-ойды дамытатын сыйлықтар табысталды. Ұл-қыздарға экскурсия қатты ұнаған екен.

– Бүгінгі шарада өзіме керекті мол мағлұмат алдым. Алдағы уақытта сапарға шықсам, қауіпсіздік ережелерін сақтайтын боламын. Пойыз вагондарына жақындамау қажет екенін ұғындым. Естігенімнің барлығын достарыма айтатын боламын.

– Заң және тәртіп – барлығына ортақ жауапкершілік. Үлкені де, кішісі де әр қадамын аңдап басса елімізде құқықбұзушылық пен қайғылы оқиғалардың саны азаяр еді.

 

Нұрасыл Ахмет