Бетпе-бет кездесу, ашық әңгіме! “Қазақ саңыраулар қоғамы” қоғамдық бірлестігінің жергілікті филиалында заңгерлер, нотариустар мен қорғаушылар кембағал адамдардың өтініштерін тыңдады. Бүгінде бұл ұйымға өңір бойынша 800-ге жан мүшелік етеді. Соның 94-і – бала. Мамандардың сөзінше, тағдырдың тәлкегіне түскен азамат-азаматшаларды көбінесе жылжымайтын мүлік пен мирасты бөлу мәселесі алаңдатады екен. Тыңдаушы тарап әр жайтты саралады, ақыл-кеңес берді, келесі қадамдарды түсіндірді. Айта кетейік, қоғамға аса қажет шараны әділет департаментінің мамандары ұйымдастырды.
ҚЫМБАТ МАТИНА, СҚО әділет департаментінің бөлім басшысы:
– Мұндай акция қаламызда ай сайын ұйымдастырылып тұрады. Бұл ретте тұрғындарға заңды жіті білу керек екенін айтамыз. Біз бірінші және екінші топтағы мүгедектерге тегін кеңес беріп, барынша көмек қолын созуға тырысамыз. Көп жағдайда кембағал адамдар мемлекеттік органдарға бара алмайды. Осы орайда аталған шараның тиімділігі жоғары деп білеміз.