Ғабит Мүсірепов ауданындағы Возвышенка ауылында терезеден құлаған бала үйіне шығарылды. Естеріңізге сала кетейік, сәуірдің 28-і күні 3 жастағы балақай 1-ші қабаттан құлап кетті. Оның самай тұсындағы сүйегі сынған. Қатты соққыдан ми жарақатын алды, бас терісі көгерді. Зардап шегуші аудандық дәрігерлердің ем-домынан соң облыстық ауруханаға жеткізілген. Тиісті шаралардан кейін үйіне жіберіліпті. Бүгінде жағдайы жақсы. Бұл – өңірде тіркелген әзірге жалғыз жағдай. Республикалық статистика келсек, елімізде жыл басталғалы 60 факт орын алды. Ал былтыр 196 жайт болыпты. Салдарынан 25 ұл-қыз ажал құшса, биыл 5 бала өмірмен қоштасқан.
ДМИТРИЙ РАСТИХИН, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:
– Жазғы уақытта үйге шыбын-шіркей кірмес үшін терезелерге тор қойылады. Оны кішкентай бала мықты дүние деп ойлауы мүмкін. Еш күдіксіз қолымен итереді, денесімен сүйенеді. Сол сәтте жерге құлап кету ықтималдылығы аса жоғары. Ата-аналарға айтарымыз бар! Тордың сырты берік материалмен қапталуы қажет. Одан өзге де қорғаныс заттары бар. Соларды сатып алып, орнатып қойған абзал.
САҒИДОЛЛА ИТЕКБАЕВ, СҚО ПД ЖПҚБ ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
– Кәмелет жасына толмаған балаға қатысты қандай да бір жайсыз жағдай тіркелсе, біз жан-жақты тексеру және талдау жүргіземіз. Мақсатымыз – оқиғаның себебі мен салдарын анықтау. Егер ұл-қыздың ата-анасы немесе заңды өкілі тарапынан ағаттық кетсе, жаза қарастырылған. Мысалы, бала үлкендердің кінәсі бойынша терезден құлады делік. Онда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-ші бабына сүйенеміз. Мұндай жағдайда тұлғаға 40 мың теңгеге тарта айыппұл салынады.
Байболат Құлтанов