Езілген батпақ, шұрық-тесік жол, тереңдігі 50 см-ден асатын ойықтар. Бұл – Қызылжар ауданына қарасты Бугровое ауылы тұрғындары күнде көріп жүрген көрініс. Бұл мәселе халықтың арқасына аяздай батқан. Елді мекенді облыс орталығымен және басқа да аудандармен байланыстыратын жолдың жағдайын көрсең еріксіз енсең түседі. Қала тұрғыны Наталья Попова апта сайын аталған ауылда тұратын ата-анасына барады. Нәзікжандының сөзінше, 20 шақырымды еңсеру үшін 1 сағаттан астам уақыт кетеді екен.
НАТАЛЬЯ ПОПОВА, қала тұрғыны:
– Мен Бугровое ауылында тудым. Жастық шағым осында өтті. Жерлестерімнің жағдайын көріп жаным ашиды. Бұл сұмдық қой?! Жылда ауылдық округтің әкімі келіп, уәдені құр үйіп-төгіп кетеді.
Нәзікжандының күйеуі Юрий Попов елді мекен мен облыс орталығының арасында адам тасымалдап, нәпақасын табады. Бірақ, шұрық-тесік жолдың кесірінен темір тұлпары бірнеше рет сынған екен. Ол тапқанымның барлығы көлігімді жөндеуге кетті дейді.
ЮРИЙ ПОПОВ, қала тұрғыны:
– Ең алдымен өзімді емес көлігімді аяймын. Айына кемінде 2 рет дөңгелек ауыстырамын. Шығыннан шығынға баттым. Әкімдік тарапынан бір шара қолданса екен деймін.
Содан соң арнамыздың түсірілім тобы Бугровое елді мекеніне барып, ауылішілік жолдың жағдайын көрді. Мына жерден көлік түгілі, адамның аяқ алып жүруі қиын. Елді мекен тұрғыны Анатолий Багачёнокпен бірге көшелерді аралау барысында тек көзге күйік болатын картинаны көрдік. Азаматтың сөзінше, бұл жолдардың жөндеу көрмегеніне 40 жылдан асқан.
АНАТОЛИЙ БАГАЧЁНОК, Бугровое ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
– Күнара қалаға қатынаймын. Елді мекенде тек асты биік көліктер ғана жүре алады. Не істерімізді білмейміз. Оң нәтиже болмаса ауылдан көшетін шығармын.
Мына тұрғындардың сөзінше, ауылдағы адамдардың саны жыл санап азаюда. Жастар мүлдем тұрғысы келмейді. Оған мына шұрық-тесік жолдар себеп дейді.
– Ауылда тұрып келе жатқаныма 75 жыл болды. Жасым келгесін бе, аяқ астынан өзімді жайсыз сезінетін кездер болады. Ойраны шыққан жолдың кесірінен денсаулығым одан әрі нашарлап кете ме деп қорқамын.
– Мен өзім де көлік айдаймын. Шынымды айтсам, қыстың келгенін асыға күтемін. Себебі, қар жолдың барлығын тегістеп береді.
Автокөлік жолдарының жай-күйі – еліміздегі ең өзекті мәселелердің бірі. Сала – Мемлекет басшысының жіті бақылауында. Сондықтан, мына тұрғындардың базынасы жай қалмай, жақын арада шешілуі тиіс.
ЖАНАТ ЕЛЕУСІЗОВ, Қызылжар аудандық мәслихатының төрағасы:
– Қазіргі таңда Бугровое селолық округінің кірер жолының сметалық құжаттары дайын. Экспертизасы өткен. Күрделі жөндеуге қатысты жоба құны 1 млрд теңгеден асып отыр. Үлкен көлемдегі қаражат болғаннан кейін республикалық бюджеттен күтіп отырмыз.
Бугровое ауылында мыңға жуық адам тұрады. Жанат Елеусізовтің айтуынша ауылішілік 13 көшені де жөндеу жоспарланып отыр. Қазір жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде.