Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы талқыланды

2025 жылдың 4 айдағы көрсеткіш бойынша өңірде сауда, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, тұрғын үй және байланыс салаларында оң динамика байқалды. Ең жоғары өсім – құрылыс саласында, яғни ол 29,1 пайызды құрайды.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұл мәселе – тұрақты бақылауда. Мемлекет басшысы өңірдегі экономикалық өсім қарқыны 6 пайыздан төмен болмауы тиіс екенін бірнеше рет атап өтті. Ол тапсырма өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығынан бастап, қызмет көрсету мен шағын бизнеске дейінгі барлық салаға қатысты. Біз әр аудан бойынша атқарылған жұмыстардың динамикасын қарастырып, бұл мәселеге ай сайын қайта оралып отырамыз.

Айта кетейік, бұған дейін кейбір аудан әкімдері инвестиция тартудағы төмен көрсеткіштері үшін сөгіс алған еді. Осыған сәйкес, өңір басшысы жауапты мамандарға экономикалық өсімді 7 пайызға дейін арттыру, инфрақұрылдымдық жобаларды уақытылы жүзеге асыру және жаңа инвест жобаларды тарту сынды нақты тапсырмалар берді. Ал балаларды жазғы демалыспен және жұмыспен қамту туралы білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанова баяндады.

АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, облыстық білім басқармасының басшысы:

– Биыл 1-10 сынып оқушыларының 95 пайызын жазғы демалыспен және жұмыспен қамтудың сан алуан түрлерімен қамту жоспарланған. Жазғы демалысты ұйымдастыруға 6 мыңнан астам педагогикалық кадр тартылады. ПД және Денсаулық басқармасымен бірлесіп лагерь қызметкерлерінің соттылықтың және психологиялық, диспансерлік есептерде болмауына тексеру жүргізілетін болады.

Балалардың жазғы демалысы орындарында 5 мезгіл тамақтану ұйымдастырылады. Жалпы, білім басқармасы басшысының айтуынша, мемлекеттік лагерьлерге жолдама құны – 35 мың, ал сенімді басқарудағы лагерьлерге 60 мың теңгені құрайды.

АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, облыстық білім басөқармасының басшысы:

– Өңірде барлығы – 10 лагерь бар. Оның біреуі Ақмола облысы аумағында орналасқан. Биыл балалардың жазғы демалыс орындарын жөндеуге 393 млн теңге бөлінді. Лагерьлерді қабылдау 30 маусымға дейін аяқталады. Ал жазғы маусым 6-10 маусым аралығында ашылады деп жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, қазіргі таңда өңірде шомылу маусымына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыста барлығы – 60 өзен және 2 мыңнан астам көл бар. Ал 13 су айдынында адамдар демалатын 60 ресми демалыс орны белгіленген. Алайда, Уәлиханов, Ақжар, Тимирязев, Аққайың, Тайынша және М.Жұмабаев аудандарында арнайы демалыс орындары мүлдем жоқ. Бұл судағы қауіпті одан сайын арттырады.

ЖОМАРТ АСҚАРОВ, СҚО ТЖД бастығы:

– Департаменттердің күштері мен құралдары толық дайындыққа келтірілді. Құтқару қайықтары, сүңгуір жабдықтары және арнайы киімдер дайындалды. Соңғы үш жылда республикалық және жергілікті атқарушы органдардың бюджет есебінен гидроцикл, көпфункционалды катер, металл және үрлемелі резеңке қайық қозғалтқыштары сатып алынды.

Өкінішке қарай, өңірде қабылданып жатқан іс-шараларға қарамастан соңғы 5 жылдың ішінде 50-ге жуық адам суға батып, мерт болды. Ал биыл жыл басынан бері судағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін 5 адам әкімшілік жауапкершіліккке тартылды. Осы орайда арнайы мамандар тұрғындарға барынша сақ болуды ескертеді.

“Қызылжар” телеарнасы