Ауыл шаруашылығы

Өңір диқандары 1 млн 240 мың гектар алқапқа дән сіңірді

“Астық-Привольный” – Ғ.Мүсірепов ауданындағы шоқтығы биік серіктестіктердің бірі. Шаруашылық егіс егу науқанына сәуір айының соңында кіріскен. Биыл агроқұрылым 8,5 мың гектар алқапқа дән сіңірмек. Соның төрттен бір бөлігіне – бидай, 1 жарым гектарына – арпа, тағы 700-іне зығыр себіледі. Қалғаны жемшөпке арналған. Себебі, серіктестіктің тауарлы-сүт фермасында мың басқа жуық ірі қара бар. Еңбеккерлер маңызды жұмыстың 50 пайызын аяқтады. Іскер жандарға тек ауа райы ғана кедергі болып тұр.

СЕРІК АЛТАЕВ, “Астық-Привольный” ЖШС директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Маңызды науқанға 15-ке жуық техника жұмылдырылды. Машина-трактор паркін 50 пайызға жаңарттық. Жаңа техника біздің жұмысымызды жеңілдетеді. Ресейден сапалы тұқым алдырттық. Өткен жылы орташа есеппен гектарына 27 центнер өнім алдық. Биыл бұл көрсеткіштен асып түсуді көздеп отырмыз.

Ағымдағы жылы мүсіреповтік диқандар 702 мың гектар аумаққа дән сіңірмек. Оның 516 мыңы дәнді және дәнді бұршақты дақылдарға арналған. Ал 118 мың гектар жер майлы дақылдарға бөлінген. Аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Олег Киселевтің сөзінше, аталған аймақтың диқандары егіс науқанын 35 пайызға аяқтаған екен.

ИВАН КИСЕЛЕВ, Ғ.Мүсірепов аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы:

– Аудан бойынша 254 мың гектар аумаққа егін егілді. Аграрилеріміз 180 мың гектарға дәнді дақыл, 59 мыңына майлы дақыл сеуіп үлгерді. Ауа райы қолайлы болса маңызды науқанды маусым айының басында аяқтауды жоспарлап отырмыз.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, диқандар 1 млн 240 мың гектар алқапқа дән сіңіріп үлгеріпті. Бүгінге дейін дәнді дақылдардың – 30 пайызы, майлы дақылдардың 39 пайызы егілген екен.