Облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев бастаған мемлекеттік органдардың өкілдері тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына қатысты сұрақтар бойынша азаматтарды қабылдады. Ең алдымен шенеуніктермен Снежана Губазова дидарласты. 4 баланың анасы баспана сұрайды. Баратын жері, басатын тауы қалмаған азаматша құрбысының үйінде тұрақтапты. Қазір 2 бөлмелі пәтерде 14 адам тұрып жатыр екен.
СНЕЖАНА ГУБАЗОВА, қала тұрғыны:
– Мен 4 баланы жалғыз асырап отырмын. Бұған дейін пәтер жалдап тұрдық. Тұрақты табыс жоқ. Сондықтан, біреудің баспанасын паналай алмаймыз. Құрбым далада қалдырмады. Алайда, өз үйім болғанын қалаймын. Кезекте көпбалалы ана ретінде 194-ші сатыда тұрмын.
Азаматшаның базынасын қала әкімі Серік Мұхамедиев те тыңдады. Енді мәселе қалалық әкімдікте қаралмақ.
Ал петерфельдтік Василий Коркинді өзге мәселе толғандырады. Азамат 8 жыл бұрын ауыл іргесінде үй тұрғызған. Жер учаскесін жергілікті әкімдік беріпті. Алайда, әлі күнге дейін баспанаға баратын жол салынбаған. Осы кемшіліктің салдарынан отбасы мүшелері жаңбырда саз, ал қыста оппа қар кешуге мәжбүр.
ВАСИЛИЙ КОРКИН, Петерфельд ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
– Мен – 4 баланың әкесімін. Олардың 2-еуі мектепте оқиды, 1-еуі балабақшаға барады. Жол азабын солар көріп жүр. Үйім ауылдан 200 метр жерде орналасқан. Мәселені бірнеше рет көтердім. Дегенмен, шешілетін түр жоқ.
Істі сағызша созудың қажеті жоқ. Мәселені шешер күн жетті. Қанат Дүзелбаев Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Шоқановқа жүгінді.
ДӘУРЕН ШОҚАНОВ, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:
– Дегенмен, жұмысты жүргізуге қаржы қажет. Ақша бірден берілмейді. Облыс әкімінің орынбасары Дәурен Шоқановқа биыл шеттегі үйге дейін қиыршық тас, ал келесі жылы асфальт төсеу туралы тапсырма жүктеді. Азаматтарды қабылдау кешкі 6-ға дейін жалғасты. Оның барысында ондаған жерлесіміз бұйымтайымен жүгінді.
Байболат Құлтанов