Нариман Жолдасбек – мәдениет саласының өкілі. Бірнеше жылдан бері сахнадан көрініп, көпшілікті өнерімен тәнті қылып жүр. Талантты жерлесімізді толғандыратын мәселе бар. Ол жанұясымен өзінің баспанасында тұрғысы келеді. Әзірге өзге де әріптестері сияқты біреудің табалдырығын тоздыруға мәжбүр.
НАРИМАН ЖОЛДАСБЕК, Ақан сері атындағы облыстық филармонияның әртісі:
– 2017 жылдан бастап пәтер жалдап келемін. 8 жыл болыпты. Қазір 1 бөлмелі пәтерді 150 мың теңгеге жалдайсың. Ипотека төлесең де сол шама болып қалады. Бірақ, ипотеканы оңай рәсімдей алмайсың.
Енді ипотека рәсімдеу жеңілдей түсті. Облыста «Қызылжар жастары» бағдарламасы іске қосылмақ. Бұл жоба жайлы айтылғалы біраз болды. Жақында нақты жүзеге аспақ. Ол арқылы мынандай салалардың өкілдері баспанаға үміт арта алады.
«Қызылжар жастары» бағдарламасына қатысуға үміткер сала өкілдері:
Денсаулық сақтау саласы;
Ветеринария саласы;
Әлеуметтік сала;
Мәдениет саласы;
Спорт саласы;
Азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар саласы;
Энергетика саласы;
Теологтар.
Сондай-ақ, жоғарыда аталған салаларда жұмыс істеген, дегенмен қазір бала күтімі бойынша демалыстағы әйелдер де бағдарламаға қатыса алады. Тағы бір ескерер жайт, аудан және Петропавл қаласының тұрғындары бастапқы немесе қайталама нарықтан пәтер сатып алу мүмкіндігіне ие.
НҰРЖАН ӘЛІБЕКОВ, «Отбасы банк» АҚ СҚОФ директоры:
– Бағдарлама шарттары: қарыздың ең жоғары сомасы – Петропавл қаласында 15 млн теңге, облыс аудандарында 10 млн теңге; бастапқы жарна – 10%; қарыз бойынша мөлшерлеме – жылдық 6%; кредиттеу мерзімі 19 жылға дейін қоса алғанда.
Бағдарлама қатысушысына бірнеше талап та қойылады. Бақ сынаушының жасы 35-тен аспауы тиіс.
НҰРЖАН ӘЛІБЕКОВ, «Отбасы банк» АҚ СҚОФ директоры:
– Тұлға соңғы 2 жылда СҚО тұруы тиіс. Соңғы жұмыс орнында кемінде 6 ай жұмыс істеуі қажет. “Отбасы банкте” депозиті болғаны абзал. Бұдан өзге де талаптар бар.
«Қызылжар жастары» бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдау мамырдың 26-сы күні басталып, маусымның 11-ші жұлдызында аяқталады. Құжаттар жұмыс уақытында “Отбасы банктің” облыстық филиалында қабылданады. Сенбі және жексенбі – демалыс күндері.
Байболат Құлтанов