Спорт

Аслан Асылбеков – Әлем кубогының 5 дүркін жеңімпазы

Мамырдың 14-18 аралығында Түркияда кикбокстан Әлем кубогы өтті. Байрақы бәсекеде қазақстандық спортшылар уыс-уыс медаль еншіледі. Ел мерейін асқақтатқандардың арасында теріскейліктер де бар. Жерлесіміз Аслан Асылбеков қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмай тұғырдың ең биік сатысынан көрінді. Бүгін толағайымыз Петропавлға оралды.

АСЛАН АСЫЛБЕКОВ, Әлем кубогының бес дүркін чемпионы:

– 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеттім. 3 кездесу өткіздім. Жеңіс жолында түркиялық, норвегиялық және украиндық қарсыластарымды тізе бүктірдім. Әр жекпе-жектің өзіндік қиындықтары болды. Жақсы дайындық пен бапкерлерімнің нұсқауын дұрыс орындағанымның арқасында жеңіске жеттім деп ойлаймын.

Аслан Асылбеков – талай байрақты бәсекеде өңір намысын абыроймен қорғаған спортшы. Әлем кубогының өзінде 5 рет чемпион атанған.

ӘДІЛ НҰРЖАУПОВ, кикбоксинг бойынша СҚО бас жаттықтырушысы:

– Әлем кубогына елімізден 102 спортшы қатысты. Оның 70 пайызы жеңіс тұғырынан көрінді. Жалпыкомандалық есепте 2-ші орынды иелендік. Бұл – талай жылғы еңбектің арқасы.

Жуан жұдырықты жігіттер жағаны жайлауға жібермейді. Спортшылар әрмен қарай тер төкпек. Алда ірі додалар жетерлік.

 

Севара Зияхан