Қоғам

Жол бойындағы сервисті жақсарту: М.Жұмабаев ауданында су жаңа жаңармай бекеті ашылды

М.Жұмабаев ауданында бой көтерген кезекті заманауи нысан. Булаево қаласының іргесінде су жаңа жанармай бекеті қолданысқа берілді. Заманауи бекет жергілікті “Эталон” серіктестігіне тиесілі. Кешен бір уақытта 6 көлікті қабылдай алады. Бұл рөл тізгіндеген жандардың уақытын үнемдейтіні сөзсіз. Бүгін нысанның ашылуына орай іс-шара өтті. Салтанатты жиынға аудан әкімі Рахат Смағұлов қатысты. Ол өзі жетекшілік отырған аймақта инвестиция тарту жұмысы қарқынды жүріп жатқанын жеткізді.

РАХАТ СМАҒҰЛОВ, М.Жұмабаев ауданының әкімі:

– Нысан ашылысымен 15 адам жұмыспен қамтылды. Жанармай бекеті аудан қонақтары үшін де ыңғайлы. Олар аталған нысанға тоқтап, тынығып, жүрек жалғап алуларына да болады. Өз басым мұндай жобаларды қолдаймын. Елді мекендердегі жол қызметінің жаңартылуы ауданымыздың дамуына зор септігін тигізеді.

Кешеннің салтанатты түрде таспасы қиылып, жиналғандардың барлығы бекеттің шағын маркетіне қарай ағылды. Мұнда қажеттінің бәрі бар. Тіпті, ана мен бала бөлмесі де қарастырылыпты.

Нысан бір жарым жылдың ішінде бой көтерді. Жанармай бекетінің құрылысына серіктестік 500 млн теңге жұмсаған.

МЕДЕТ ТӨЛЕГЕНОВ, серіктестік құрылтайшысы:

– Нысанның ішінде асханамыз бар. Тұрғындарға ыстық, балғын тағамдар ұсынамыз. Барлығының бағасы қолжетімді.

Айта кету керек, серіктестік 2007 жылы құрылған. Өңірімізде “Эталон” компаниясының 14 жанармай бекеті бар.

 

Нұрасыл Ахмет