Мамырдың 15-18 аралығында Ресейдің Омбы қаласында халықаралық “DERBY CUP” футбол турнирі өтті. Дүбірлі додада еліміздің және өңіріміздің намысын «Жеңіс» олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері қорғады. 8-9 жастағы ұландар сенімді ақтады. Олар қарсыластарын қапы қалдырып, алтынға қол созды.
ҚАНАТ МҰХАМЕДЖАНОВ, «Жеңіс» олимпиада резервінің МБЖСМ жаттықтырушысы:
– Күн сайын екі ойыннан өткіздік. Ең ауыр матч екінші күн болды. Өскемендік команда лайықты қарсылық танытты, дегенмен оларды 3:2 есебімен жеңдік. Ал бір сағаттан кейін омбылық “Локомотив” клубын дәл сындай есеппен тізе бүктірдік. Жалпы, 6 кездесуде айымыз оңынан туды.
Бүгінде спорт мектебінде 8-9 жастағы 30 бала теңбіл доп қуалайды. Негізгі командаға өзін жақсы қырынан көрсеткен 15 футболшы шақырылады. Әрқайсысының өзіндік атқаратын міндеті бар. Мысалы, Әлинұр Асылбек – шабуылшы.
ӘЛИНҰР АСЫЛБЕК, «Жеңіс» олимпиада резервінің МБЖСМ тәрбиеленушісі:
– Мен футболмен бір жылдан бері айналысамын. 2 алтын, 3 күміс медалім бар. Көп уайымдадым, соның әсерінен аса ойнай алмадым. Сол кішкене қиындық тудырды.
Шілде айында Ақмола облысында атақты футболшы Тимур Сегізбаевті еске алуға арналған турнир өтеді. Бүгінде жалынды жастар сол жарысқа дайындалып жатыр.
Севара Зияхан