СҚО әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов Қызылжар ауданының диқандарымен кездесті. Ол егіс маусымының басталуымен танысып, көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру желтоқсан айында басталғанын айтты. Қолдаудың барлық негізгі тетіктері іске қосылған. «Кең дала-1» және «Кең дала-2» бағдарламалары аясында 83 млрд теңге, ал ӘКК арқылы 37 млрд теңге қаржы бөлінген. Сондай-ақ, тыңайтқыштар мен жеңілдетілген ЖЖМ жеткізу қамтамасыз етілген.
МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
– Минералдық тыңайтқыштарға келетін болсақ, биыл 60 пен 40 схемасы іске қосылды. Яғни тыңайтқышты алған кезде ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі тек 40 пайызын төлейді. Қалған 60 пайызын біз төледік. Жұмысты жана қарап шықтым, қарқынды арттыру керек, аммиак тыңайтқышы бойынша біраз мәселе бар. Биыл көктем де ерте келді. Бүгінгі таңда 287 мың тонна тыңайтқыш шартқа отырғызылған, аудандар алып жатыр, бағдарлама жұмыс істеп тұр, яғни бәрі дұрыс.
Шаруалар биыл «ҚазАгроҚаржы» АҚ тарапынан да зор қолдау алған. Лизинг арқылы 400-ден астам техника, оның ішінде тұқым сепкіштер, тракторлар мен комбайндар берілді. Бағдарламаның ерекшелігі – жеңілдетілген шарттар: бастапқы жарна аз және жылдық мөлшерлеме небәрі 5 пайызды құрайды. Қаржыландыру мерзімі 7 жылға есептелген, ал бұл мүмкіндік отандық техника сатып алатын шаруалар үшін қолжетімді.
ЕРБОЛ АЯҒАНОВ, «ҚазАгроҚаржы» АҚ СҚОФ директоры:
– Ағымдағы жылы “ҚазАгроҚаржы” АҚ лизинг арқылы ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға шамамен 13,5 млрд теңге бөлді, 430 техника бірлігі қаржыландырылды. Биылғы жылы акционерлік қоғамға 5% мөлшерлемемен 200 млрд теңге қаржы бөлінді. Ал бастапқы жарна 10% болып белгіленді және ол 2025 жылдың 1-ші желтоқсанына дейін кейінге шегерілуі мүмкін. Бұл ауыл шаруашылығы өндірушілеріне айналым қаражатын техниканы сатып алуға жұмсамай, тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл бағдарлама бойынша тек Қазақстан Республикасында өндірілген техникаға қолдау көрсетіледі.
«Сервис-ЖАРС» ЖШС бүгінде жоспарланған алқаптың 25 пайызын сеуіп үлгерген. Шаруашылық жалпы – 7 мың гектар жер өңдейді. Мұнда рапс, зығыр, күнбағыс секілді майлы дақылдармен қатар, мал азығы да өсіріледі. Егіс жұмыстарына 70-тей адам мен 20 техника бірлігі жұмылдырылған.
ҒАББАС ЖАНТАЕВ, «Сервис-ЖАРС» ЖШС директоры:
– Егіс жұмыстары басталды, біз толығымен дайынбыз. Қазір «Августина» атты бірінші репродукциялы бидай сеуіп жатырмыз. Бұл алқапта екі техника бірлігі жұмыс істеп жатыр, тұқым да жеткізіледі. Уақыт бойынша бәріне үлгеріп жатырмыз. Дәнді дақылдардан бөлек, майлы дақылдар да себілуде – рапс, зығыр, күнбағыс. Дәнді дақылдардан бидай мен өзге де дақылдар бар.
Айта кетейік, биыл егіс көлемі 4,4 млн гектарды құрайды. Оның ішінде майлы дақылдардың егіс көлемі 86 мың гектарға ұлғаймақ. Бұл шаралар ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігі мен тұрақтылығын арттыруға бағытталған.
“Первый Северный” телеарнасы