Жазғы демалыстың басталуына санаулы күн қалды. Сабақтан босаған балалар енді уақыттарын мектеп қабырғасынан тыс өткізбек. Әке-шеше жұмыста, ойын баласы үйде немесе ойын алаңында болады. Осыған орай төтенше жағдайлар департаментінің мамандары мен тәртіп сақшылары мектеп оқушыларымен кездесті. Мақсат – қауіпсіздік жайында құлағдар ету және заңның ала жібін аттамау туралы қаперге салу.
ГАУҺАР РАМАЗАНОВА, СҚО ПД ЖПҚБ инспекторы:
– Оқушылармен қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік туралы айтылды. Заңмен қудаланатын баптар туралы сөз болды.
Апат айтып келмейді, кез келген жерде немесе сәтте түрлі оқыс оқиға орын алып қалуы әбден мүмкін. Әсіресе, өз үйлерінде. Ұялы телефон қуаттағышынан немесе сымдардың тұйықталуынан от ұшқыны шығуы мүмкін. Одан бөлек бүлдіршіндердің терезеден құлау фактісі де бар. Білікті педагог Нұржамал Қожина бала ойнап жүріп от баспас үшін оған қауіпсіздік туралы жиі айтып отыру керек дейді.
НҰРЖАМАЛ ҚОЖИНА, №23 орта мектебінің директоры:
– Төтенше жағдай туралы кездесулер мектеп қабырғасында сынып жетекшілерімен де өткізіліп тұрады. Балалар әртүрлі экскурсияға барып, мамандардың жұмысымен танысады.
Тәртіп сақшыларының айтуынша мұндай кездесулердің пайдасы бар. Өткен жылы өңірде жасөспірімдердің қатысуымен 14 қылмыстық іс тіркелсе, биыл екі есе азайған.