Жылдап несиені, коммуналдық қызмет үшін және салынған айыппұлдарын төлемейтін тұрғындар бар. Қарыздарын қайтаруға асықпайтын борышкерлер жетерлік. Ал бұл заңбұзушылыққа жатады. Сандарды сөйлетсек, қала бойынша жыл басынан 22 мыңнан астам адамға айыппұл салынған. Берешектің мөлшері 300 мың теңгеден асып жығылады. Бұл соманың 60 пайызы ғана өндірілген екен. Қалған қаражат та қайтарылуы тиіс. Сол мақсатта қалалық прокуратура өкілдері, тәртіп сақшылары мен облыстық әділет департаментінің өкілдері бірлесіп ерекше акция ұйымдастырды. Шара барысында мамандар борышкерлермен кездесіп, қарыздарын қайтаруға шақырады.
РАУАН ТУҒАНБАЙ, Петропавл қалалық прокуратурасының бөлім прокуроры:
– Басты мақсат – мемлекетке қарызды қайтару. Берешекті өтегісі келмеген адамдардан мәжбүрлі түрде айыппұлды өндіріп аламыз.
Статистикаға сүйенсек, айыппұл арқалайтындардың көбі – рөл тізгіндеген жандар. Осыны ескерген мамандар арнайы планшет арқылы қарызын өтемей жүрген көлік иелерін тоқтатып, берешекті өтеу керектігі жайлы айтты. Түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Содан соң бірлескен топ үй-үйді аралап, қарызы бар жандармен кездесті. Өкінішке қарай, борышкерлер баспаналарынан табылмады. Олар жұмыста ма әлде жасырынып жүр ме, белгісіз.
АДАЙ МАҒЗҰМОВ, СҚО әділет департаменті басшысының орынбасары:
– Қала бойынша борышкерлер мемлекетке 700 млн теңге өтеуі тиіс. Оның 60 пайызы өндірілді. Қарыздан жалтарғандар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Айта кету керек, игі шара мамырдың 29-ына дейін жалғасады.