ВАСИЛИЙ МАКИЕНКО, ҰОС ардагері:
– Какие советы? Надо быть добрым человеком. Не надо быть вредным, надо быть добрым человеком. С людьми хорошо, и они будут.
Бұл – Василий Васильевич Макиенконың архив парақтарында қалған сұхбаттарының бірі. Ардагер 16 мамыр күні қайтыс болды. Қоштасу рәсіміне жиналғандар арасында туған-туыстарынан бөлек, билік пен қоғам өкілдері, қала тұрғындары болды. Іс-шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың атынан оның орынбасары Жүсіп Жұмағұлов қатысып, көңіл айтты.
ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ, СҚО әкімінің орынбасары:
– Василий Васильевичтің өмір жолы – ерлік пен отансүйгіштіктің, адал қызметтің айқын үлгісі. Кәмелет жасына енді толғанда майданға аттанып, гвардиялық және атқыштар полктарында ауыр шайқастардан өтті. Ол ерлігі үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен және басқа да медальдармен марапатталды.
Ардагерді ақтық сапарға шығарып салу барысында түрлі ұйымдардың өкілдері сөз сөйлеп, Василий Макиенконың өмірге деген құштарлығын, ерлік пен еңбек жолын, шынайы мейірімділігі мен адамгершілігін ерекше атап өтті.
ВЛАДИМИР БУБЕНКО, облыстық мәслихат төрағасы:
– Біз Отан соғысының тағы бір ардагерімен қоштасып тұрмыз. Ол – тек соғысып қана қоймай, соғыстан кейінгі өмірін біз бақытты өмір сүруіміз үшін арнаған жан. Ол жас ұрпақты тәрбиелеуге өмірін арнады, біз үшін үлгі болды.
Ардагердің артында қыздары, немерелері мен шөберелері қалды. Немересі Олеся Цоль атасын өте қатты жақсы көрген, үнемі қамқор бола білген.
ОЛЕСЯ ЦОЛЬ, ҰОС ардагері В.Макиенконың немересі:
– Өте ауыр. Баршаңызға алғыс білдіремін. Біздің атамыз керемет жан болды. Барлығын жақсы көрді, бәрімен тату болуға тырысты. Мен атамды өте қатты жақсы көрдім. Осындай батыр адамның немересі болғанымды мақтан тұтамын. Барлықтарыңызға көп рахмет.
Биыл 24 қаңтарда ардагер 99 жасқа толған еді. Жасына қарамастан ол өмірге құштарлығын жоғалтпады. Айта кету керек, енді облыста көзі тірі Ұлы Отан соғысының тек бір ардагері қалды.
“Қызылжар” телеарнасы