Спорт

Петропавлда боксшылар бәсекесі басталды

Петропавлда бокстан “Жасұлан” республикалық турнирі басталды. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына және өмірден өткен теріскейлік бапкерлерді еске алуға арналған жарысқа жан-жақтан жас былғары қолғап шеберлері жиылды.

АРМАН БҮРКІТБАЕВ, жарыстың бас төрешісі:

– Бүгінгі турнирге 85 боксшы қатысуда. Балалар 12 салмақ дәрежесі бойынша жұдырықтасады. Астана қаласы, Ақмола, БҚО, СҚО, Қарағанды және Павлодар облыстарынан боксшылар жиналды.

Ашылу салтанатынан соң көпшіліктің назары шаршы алаңға ауды. Алдымен ортаға павлодарлық Әмірхан Балғабек мен теріскейлік Әділхан Кәкімов шықты. Біреуі жергілікті жанкүйерлерді жерге қаратқысы келмесе, екіншісі Керекуге құр кеткісі келмейді. Құрдастар, қарсыластар бір-бірін аямады. Кездесу жеңімпазын төрешілердің ұпайы анықтайды. Білікті мамандар қонақ спортшыны мықты деп таныды.

ӘМІРХАН БАЛҒАБЕК, турнирге қатысушы, Павлодар облысы:

– Жақында жаттығуда жарақат алып қалдым. Соған қарамай жарысқа келдім. Ата-анама “Чемпион боламын” деп сөз бердім. Жеңіске жеткім келеді.

Петропавлда жас шаршы алаң шеберлерінің жарысы 4 күнге созылады. Тартысты кездесулер “Бокс мектебінде” өтуде. Кез келген адам барып, тегін тамашалай алады.