Ауа райы жылынған кезде елімізде балалардың терезеден құлауы жиілеп кетеді. Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда өткен жылы осындай 200-ге жуық жайсыз жайт тіркелген. Салдарынан 28 жеткіншек сәби қаза тапқан. Былтыр облыста 2 бала жоғары қабаттан құлапты. Қуанышымызға орай, екеуі де дін аман. Бала қалай терезеден құлап кетеді? Оның алдын алу мақсатында төтеншеліктер мен тәртіп сақшылары “Дарын” мектеп-лицейінде ата-аналармен кездесті.
ЖАНАТ ЖҰМАЖАНОВ, қалалық ТЖБ бас маманы:
– Көп жағдайда балалардың құлауы ата-анасының қарауынсыз қалу себебінен орын алады. Қайғылы жағдай болмас үшін жеткіншектерді жалғыз қалдырмаған жөн. Сондай-ақ, барлық жиһазды бала терезеге шыға алмайтындай етіп алшақ қою қажет. Осы қарапайым талаптарды орындау арқылы балаңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етесіз. Тиісті ережелерді сақтамаған ата-ана жауапкершілікке тартылады.
Төтеншеліктердің сөзінше, терезеге москиттік тор орнатпаған абзал. Балалар оны қауіпсіз деп ойлап, сүйенген кезде төмен қарай құлдилауы мүмкін. Тағы бір назар аударатын дүние, кішкентайлар терезені өз еркімен ашпас үшін арнайы бекіткіш орнатқан жөн. Жиынға барлығы – 50-ге жуық ата-ана қатысты. Басқосудан мол ақпар алды, жаз уақытында жеткіншектеріне аса сақ болатындарын айтты.
ЕВГЕНИЯ ЮРКЕВИЧ, қала тұрғыны:
– Екі қызым бар. Біреуі аталған мектептің 5-сыныбында оқиды. Оның жүріс-тұрысын үнемі қадағалап отырамын. Ақылымды айтамын. Терезенің маңайына жолатпауға тырысамын. Үйде мүлдем жалғыз қалдырмаймын. “Сақтықта қорлық жоқ” деп бекер айтылмаған ғой.
Айта кету керек, жиын соңында мамандар ата-аналарға судағы қауіпсіздік туралы түсіндірді.