“KazРобо-2025”. Облыс орталығында жас өнертапқыштар бас қосты. Талабы таудай жеткіншектердің өнері екі бағыт бойынша сыналды. Біріншісі, құрастырған құлтемірі қағазға сызылған сызықтардан жүріп өтуі қажет. Бұл сайыс “Robotrace” деп аталады. Кімнің роботы жылдам өтеді, сол жеңіске жетеді.
Аталған бағыт бойынша сынға түскелі тұрған өнертапқыштың бірі – “Білім-Инновация” лицей-интернатының оқушысы Темірхан Әлкен. 8-сынып оқушысы бұл дүниені екі апта көлемінде дайындаған. Бұл оның 7-ші роботы екен.
ТЕМІРХАН ӘЛКЕН, байқауға қатысушы:
– “Роботтың міндеті – сызықтан мүдірмей өту және финиште тоқтау. Ол осы жолды 3 минуттың ішінде өтуі керек. Оны бұрып отыру үшін датчик дайындадық. Ол ноутбукке қосылған. Қуаты 4-5 сағатқа дейін шыдайды.
Явленкалық Сая Ерқанат болса, “Робо-сумо” деген бағыт бойынша бағын сынайды. Бұл жерде қарсылас қос құлтемір күреседі. Сая өзі құрастырған роботтың күші басым екеніне сенімді.
САЯ ЕРҚАНАТ, байқауға қатысушы:
– Жеңемін деп ойлайтын себебім, оның тіреуіштері өте мықты, нығыз орналасқан. Оның басқа роботтарды көтеріп, итере алатындай мүмкіндігі бар.
Жалпы, қызықты да тартысты сайысқа 23 командадан құралған 46 ұл-қыз қатысты. Олар кейін осы туындыларын ресми түрде өз аттарына аударып, істерін одан әрі дамыта алады. Роботтарын реми түрде тіркегеннен кейін төл туындыларының нұсқасын ешкім көшіре алмайды. Ол үшін облыстық әділет департаментіне жүгінуге болады.
АДАЙ МАҒЗҰМОВ, СҚО әділет департаменті басшысының орынбасары:
– Бұл жастар жаңа дүниені ойлап тапқаннан кейін, одан әрі дамытқылары келетін шығар. Оны басқа біреу алып, қолданбауы үшін өз аттарына аудара алады. Кім бірінші болып тіркейді, сол өзінің қалауы бойынша ісін жалғастыра алады.
Авторлар өз туындыларын “Egov Mobile” қосымшасы арқылы да тіркей алады.
Мәдина Қаби