Қоғам

Гүлмира Кәрімованың құрметіне естелік тақта қойылып, байқау өтті

Оның жарқын жүзі, сөз саптауы, тындырған ісі ешқашан ұмытылмайды. Аяулы ана, ардақты ұстаз, білікті басшы Гүлмира Кәрімованы ұмытпайтын қалың ел бар. Жақындары, әріптестері мен шәкірттері үнемі еске алады. Аптаның алғашқы күні №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінде атақты жерлесіміздің құрметіне естелік тақта қойылып, байқау өтті. Шараға әртүрлі буынның өкілдері қатысты. Ардагер педагог Жангелді Тәжин – Гүлмира Райымбекқызының саладағы алғашқы қадамын көрген жөн. Сол кезде жас маман педагогикалық қабілетімен бірден таң қалдырыпты.

ЖАНГЕЛДІ ТӘЖИН, С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның алғашқы директоры:

– Институт бітірген әрбір студенттің алғашқы қадамы белгілі. Кімнің кім болатынын анықтауға болады. Гүлмира Райымбекқызы бізге келе сала бірден білікті маман екенін көрсетті. Тәлімгер тағайындалды. Бірақ, ол өзінің дарынын, біліктілігін бірден ұғындырды.

Ол білімді ғана емес, өте еңбекқор болды. Қызмет жолын бастауыш сынып мұғалімінен бастады. Қаладағы бірнеше білім ұясында жұмыс істеді, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешеніне жетекшілік етті. Айман Құрманғалиева қызы жайлы естелік айтылса, көз жасын тыя алмайды. Ана жүрегі әлі де бала Гүлмира, дана Гүлмира деп соғады.

АЙМАН ҚҰРМАНҒАЛИЕВА, Гүлмира Кәрімованың анасы:

– Алдына қойған мақсатына жетпей қоймайтын. Сабақты жақсы оқыды. №8 мектепте орысша оқыды. Мұғалімдері әрдайым мақтайтын еді. 1-ші сыныпқа дейін ауылда ата-әжесінің қолында тұрды.

Аяулы ана қызының ізі қалған білім ұясында естелік тақта қойылып, оның құрметіне байқау өткізілгеніне қуанышты. Бұл – екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған бастауыш сынып мұғалімдері арасындағы облыстық сайыс. Шараның екінші жартысы №8 орта жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие мектеп-кешенінде өтеді.

БАЛЕРКЕ СӘДУАҚАСОВА, СҚО білім басқармасы әдістемелік орталығының әдіскері:

– Бұл конкурс 3 кезеңнен тұрады. Таныстыру, бейнежазба және демо-сабақ. Демо-сабақ – 20 минуттық сабақ. Үшінші кезең №8 мектепте өтеді.

Байқауға аудандардан да мұғалімдер келген. Әрқайсысы дайындаған жұмысымен қазылардың көзіне түссем, Гүлмира Кәрімова атындағы жүлдеге қол жеткізсем дейді.

ЖҰЛДЫЗ ӘМРЕНОВА, М.Жұмабаев атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, М.Жұмабаев ауданы:

– Мен қазақ тілінің сөз таптарына байланысты сабақ дайындадым. 5 минуттық таныстыруым бар. Онда Мағжан Жұмабаевты да атап өтемін.

Қатысушылар өз жұмыстарында Гүлмира Райымбекқызының өміржолына, еңбектеріне де тоқталады. Мақсат – қарапайым бастауыш сынып мұғалімінен Сенат депутатына дейін жеткен жерлесіміздің атын елдің есіне салу, көпшілікке таныту.

ЖАНГЕЛДІ ТӘЖИН, С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның алғашқы директоры:

– Ол – жалғыз әке-шешесінің қызы емес, біздің ортақ қызымыз. Өзімнің қызымдай, қарындасымдай болды. Қайғырдық, Гүлмирадай қызды тәрбиелеген ата-анасына алғыс айтамын.

Ел сыйлаған Гүлмира Кәрімованың қызы бар. Аяулы ананың ақылмен өскен бойжеткен бүгінде ІТ-мамандығы бойынша Астанада докторантурада білім алуда. Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді…

Байболат Құлтанов