Спорт

Грэпплинг пен аралас жекпе-жектен облыс чемпионаты өтті

Петропавлда грэпплинг пен аралас жекпе-жектен облыс чемпионаты өтті. «AIGA» атауымен ұйымдастырылған сайысқа 100-ден астам спортшы қатысты. Татамидің шаңын қаққан ұл-қыздардың ең кішісі 4-те болса, үлкені 17 жаста. Олар аудандық және қалалық 4 клубтың намысын қорғады.

Әлімхан Қожахмет – «Кудо-Арлан» клубының спортшысы. Жас грэпплингші алғашқы қарсыласын 4 те 1 есебімен жеңді. Оның тактикалық шеберлігі көзге бірден байқалады.

ӘЛІМХАН ҚОЖАХМЕТ, жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:

– Мен бір жылдан бері күреспен айналысып жүрмін. Қарсылас мықты екен, бірақ жеңіс маған бұйырды. Осы жарыста бірінші орын иеленгім келеді.

Грэпплинг пен аралас жекпе-жектен облыс чемпионаты – дәстүрлі дода. Биыл 3-ші рет ұйымдастырылып отыр. Қуантарлығы, спортқа құштар жастардың саны артып келеді.

ОЛЖАС ДҮЙСЕНОВ, СҚО бойынша грэпплинг федерациясының басшысы:

– Балалардың санымен қатар, олардың шеберліктері де арту үстінде. Шәкірттеріміз өзге қалаларға барып, облыстық, республикалық жарыстарға қатысып жүр. Бұл – баға жетпес тәжірибе. Осы жолғы сайыс 2 күнге созылады. Бірінші күні көрермендер күрес көрсе, екінші күні қоян-қолтық ұрыс бойынша бәсеке ұсынылады. Додаға білікті қазылар төрелік етуде.

Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге естелік сыйлықтар мен тиісті дәрежедегі медальдар табыс етілді.

Байболат Құлтанов