Денсаулық сақтау

Туберкулезге шалдыққан теріскейлік оқушы мыңнан астам адаммен байланыста болған

Ғабит Мүсірепов ауданында жаға ұстатарлық жайт тіркелді. №1 Новоишим орта мектебінде 6-шы сынып оқушысының туберкулезге шалдыққаны анықталды. Ол сәуірдің соңынан бері ауырған, білім ұясында болмаған. Жағымсыз хабарды жергілікті дәрігерлер мамырдың 12-ші жұлдызында жариялайды. Сол күні оқушының үйінде санитарлық өңдеу жүргізіледі.

АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, СҚО білім басқармасының басшысы:

– 13-ші мамыр күні бірден ата-аналар жиналысы өткізілді. Ата-аналарға айтылды. Мектепте санитарлық өңдеу жұмыс жүргізілді. Арнайы мамандар 6-шы сынып оқушылар тексерді.

6-шы сынып оқушы бұған дейін де туберкулезбен ауырыпты. Емделген, дәрігерлердің шешімі бойынша оқуын жалғастырған. Алайда, жұқпалы дерт қайта бас көтерген сияқты. Оның мыңнан астам адаммен байланыста болғаны анықталды. Енді сол адамдардың барлығы тексеріледі. Ал мектеп жұмысы қалыпты режимде жалғасуда.

АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, СҚО білім басқармасының басшысы:

– №1 Новоишим орта мектебінде 939 бала оқиды. 112 мұғалім бар. Сабақтар бір кабинетте өтуде. Қашықтықтан оқыту форматына көшуге еш негіз жоқ.

Науқас қайтадан емделуге жіберілді. Ем-дом шаралары Петропавлда жүргізіледі.

АРМАН КҮШБАСОВ, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– Инфекция таратушы ретінде тіркелген бала көпшіліктен оқшауланды. Ол фтизиопульмонология орталығында ем қабылдап жатыр. Осы сәтті пайдалана отырып, халықты медициналық шаралардан бас тартпауға шақырамын. Кейбір ата-аналар ұл-қыздарын тиісті тексерістен өткізгісі келмейді. Уақытылы қаралған абзал. Егер адам салмақ жоғалтса, 2 жұмадан артық жөтел мазаласа, жөтелу кезінде қан байқалса, температура көтерілсе, түнде терлесе, бірден дәрігерге жүгіну керек. Бұл – туберкулездің алғашқы белгілері. Мамандарға бару арқылы ол өзінің және өзгенің өмірі үшін қажетті, аса маңызды қадам жасайды.

Бұл өңірімізде оқушылар арасында биыл тіркелген жалғыз жайт емес. Наурыз айында туберкулезге шалдыққан тағы бір бала анықталды. Ол петропавлдық оқушы екені мәлім.

 

Байболат Құлтанов