Денсаулық сақтау

Репродуктивті денсаулық апталығы: интеллектуалды ойын өтті

«Денсаулық QUIZ». Петропавлда осындай атаумен репродуктивті денсаулық апталығы аясында интеллектуалды ойын түріндегі сауалнама өтті. Шара ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия өкілдерінің қолдауымен ұйымдастырылды.

ЕЛЕНА ЗАВЬЯЛОВА, қалалық әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия хатшысы:

– Шараның мақсаты – жастарға жыныстық және репродуктивтік денсаулық, жыныстық жолмен берілетін аурулар туралы түсіндіру жұмысын жүргізу. Сондай-ақ, мазалап жүрген мәселесін ашық айта алатындай жағдай жасау.

Интеллектуалды ойынға 5 топ қатысты. Командалар студенттер мен Жастар ресурстық орталығының волонтерлерінен құралған. Қатысушылар тақырып аясында қойылған сұрақтарға жауап берді. М.Қозыбаев атындағы СҚУ психологиялық қызмет жетекшісі Павел Моисеев жастардың арасында түсіндіру жұмысын жүргізуде интеллектуалдық ойын аса тиімді екенін айтты.

ПАВЕЛ МОИСЕЕВ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ психологиялық қызметінің жетекшісі:

– Тақырып өзекті. Оны түсіндіру үшін құр дәріс оқудың пайдасы шамалы. Жалаң сөзден жастар жалығып кетеді. Осы ретте интеллектуалды ойын түрінде ұйымдастырылған сауалнама нәтижелі болады.

Еске сала кетейік, аталған апталық аясында өңірдегі мектептер мен колледждерде денсаулықтың қадірі туралы тренинг-семинарлар өткізіліп жатыр.

 

Данаш Хамза