Облыс орталығында үстел теннисінен Петропавл қаласының ашық турнирі басталды. Жеңіс күніне арналған жарысқа 18 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар, сондай-ақ аға буын өкілдері қатысып жатыр. Қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай 4 топқа бөлінген.
РУСЛАН ҚОЖАЕВ, үстел теннисі орталығының басшысы:
– Үстел теннисі орталығы ашылғалы бері қаламызда тенниске құмартатын жандардың саны артты. Өскелең ұрпақ көп келеді. Қазан айынан бастап балалар белсенді түрде жаттығуларға қатысып жүр. Қазір құрылған топтардың барлығы толық. Қыркүйекте жаңа топтар ашу жоспарлануда. Ал ересектер үшін орталық есігі маусым айында ашылады. Яғни, үлкендерге арнайы топ жасақталады.
Жарысқа келейік. Ашық турнирге өңіріміздің аудандарынан, Қостанай облысынан, Астана қаласынан және Ресейдің Омбы облысынан келген теннисшілер қатысуда. Қонақ спортшының бірі – Тимур Исмаилов.
ТИМУР ИСМАИЛОВ, турнирге қатысушы, Омбы қаласы:
– Мен үстел теннисімен студенттік шақтан айналысамын. Биыл 8 жыл болды. Қазір балалар жаттықтырушысы болып жұмыс істеймін. Спорттың бұл түрін ерекше жақсы көремін. Мұнда адамның физикалық күші ғана емес, психологиялық дайындығы да сыналады. Турнирден Омбыға олжалы қайтсам деймін. Мақсатым – чемпион атану.
Аға буын өкілдері мұндай жарыстарды сағынған сыңайлы. Тимирязев ауданынан келген Ифрат Аллахияров құлшына ойнады. Ол қолынан ракеткасын 30 жылдан бері тастамай келеді. Айтуынша, үстел теннисі өзін қалыпты жағдайда ұстауға көмектеседі.
ИФРАТ АЛЛАХИЯРОВ, турнирге қатысушы, Тимирязев ауданы:
– Біз күн сайын теннис ойнаймыз. Біздің Президентіміз бұл ойынды жақсы көреді. Маған да ерекше ұнайды. Спорт – белсенді өмірдің себепшісі. Әрдайым қозғалыста болу үшін қимылдау керек. Қарсыластар мықты екен. Жүлдеге іліксем деймін.
Жарыс жекелей, командалық, жұптық және аралас сайыс бойынша өтеді. Үстел үстіндегі бәсеке 3 күнге жалғасады. Жеңімпаздар медаль, мадақтама және Солтүстік Қазақстан облыстық үстел теннисі федерациясы атынан қаржылай сыйлықтармен марапатталады.
Севара Зияхан