Білім мен ғылымсыз агросектор алға баспайды. Яғни, аталған салаға білімі таяз емес, тереңінен ойлайтын, еңбекқор, жан-жақты мамандар керек. Сол біліктілерді дайындауда Солтүстік Қазақстан ғылыми-зерттеу институтының қосып жатқан үлесі зор. Оқу орнының қабырғасында 2023 жылдан бастап “Мал шаруашылығы құзыреті” мектебін ашқан болатын. Игі бастама аясында ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін мамандарға арналған семинарлар ұдайы өткізіледі. Өздері де үйретеді, тәжірибе алу мақсатында түрлі серіктестіктерге де апарады. Бүгін мамандар шараға қатысушыларды “Петропавл коммутатор зауыты” серіктестігіне апарды.
АЛТЫНБЕК АБДОЛЛАЕВ, Солтүстік Қазақстан ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы:
– Өткен жылы 11 семинар өткіздік. Шаралар 700 адамды қамтыды. Теріскейлік еңбеккерлердің білімін арттыру үшін шетелден де оқытушыларды шақырттық.
Аталған серіктестіктің цехтарының бірінде құрама жем өнделеді. Мал шаруашылығы үшін бұл процесс аса маңызды. Шетелден әкелінетін асылтұқымдылар сұрыпталған жемшөппен қоректенуі тиіс. Сонда ғана еңбеккердің кәсібі дамиды. Шара барысында кәсіпорын қызметкерлері шараға қатысушыларға жануарларға азықты қандай мөлшерде беру, қалай өңдеу қажеттігін түсіндірді.
АЗАМАТ ОМАРОВ, “Петропавл коммутатор зауыты” ЖШС коммерциялық директоры:
– Зауыт 2022 жылы іске қосылған. Біз құрама жемді өзіміздің жеке рецебіміз арқылы жасаймыз. Мал және құс шаруашылығымен айналысатын серіктестіктерді сұрыпталған дәнді дақылдармен қамтамасыз етеміз. Сапалы өнім шығару үшін ақуыз, көмірсутек пен майды бір-бірімен араластыру қажет. Осының арқасында мал тез өседі. Иммунитеті де күшейеді.
Тәжірибе алмасу шарасы 20-ға жуық адам қатысты. Айта кету керек, ғылыми-зерттеу институтының мамандары жыл бойы өңір еңбеккерлерімен білімдерімен бөліседі.
Нұрасыл Ахмет