Ескендір Дәуітов атындағы қызмет көрсету саласы колледжінде 360-тан астам бала оқиды. Олар 4 мамандық бойынша білім алады. Жыл санап оқу орнына түсем деуші жастардың саны артуда. Себебі, мұнда білікті мамандар тәлім береді. Одан қалды, кәсіптік бағдар беру оң жолға қойылған. Бүгін білім мекемесінің оқытушылары мен студенттері қала мектептерінің оқушыларымен кездесті.
ЖҰЛДЫЗ ЫСҚАҚОВА, Е.Дәуітов атындағы қызмет көрсету саласы колледжі директорының орынбасары:
– Шараға 30-ға жуық оқушы шақыртылды. Олар күні бойы колледжіміздің тыныс-тіршілігімен танысатын болады.
Бұл – колледждің тамақтандыруды ұйымдастыру зертханасы. Мұнда тәтті тоқаштар дайындалады. Бөлменің ішінде құрылғылардың барлығы жаңа. Студенттерге бар жағдай жасалған. Кездесу барысында оқу орнының оқытушылары ұл-қыздарға кондитерлік өнімнің қалай жасалатындығы жайлы айтып берді.
Мына кабинетте колледждің “Аспаз” мамандығына оқитын студенттері түрлі тамақ істейді. Колледж студенті Әсел Сағындықова кездесу барысында оқушыларға әлемдегі ең танымал тағамдардың бірі грузиндік “Хинкалиді” қалай жасау керек екенін айтып берді.
ӘСЕЛ САҒЫНДЫҚОВА, Е.Дәуітов атындағы қызмет көрсету саласы колледжінің студенті:
– Хинкалиді дайындау үшін бізге ұн, жұмыртқа, сиыр еті, ашытқы және арнайы дәмдеуіштер керек. Тағамды пісіру кезінде ең бастысы қамырды дұрыс илей білу қажет. Су мен тартылған етті де мөлшерімен қосқан дұрыс. Грузин халқының ұлттық асы 6 минуттің ішінде піседі. Көп уақыт тұрып қалса, ойдағыдай шықпай қалуы мүмкін.
Содан соң оқушыларға колледж мамандары үстелді қалай әдемі қылып безендіруге болатынын көрсетті. Бұл аспаз үшін өте маңызды процесс болып саналады. Ертең өзі кәсіп ашқан уақытта да зор пайдасын тигізеді. Мына ұл-қыздарға шара қатты ұнады. Араларында аталған колледжге түсемін дейтін жастар да бар.
ЕЛИЗАВЕТА КАЛИНЫЧ, “Дарын” мектеп-лицейінің оқушысы:
– Өмірімде бірінші рет “Хинкали” жасап көрдім. Алған әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Бұл грузин тағамын тек мейрамханаларда ғана көретінмін. Маған ұнады. Қолымнан келді деп ойлаймын. Алған тәжірибемді үйде қолданып көремін.
Аталған колледж қаламыздағы беделді серіктестіктермен меморандумға отырған. Тиісінше, грант иегерлері оқуды тәмамдағаннан кейін жұмыспен қамтылады.
Нұрасыл Ахмет