Оқу жылының аяқталуына саусақпен санарлық күн қалды. Жақында білім ұяларында соңғы қоңырау соғылып, балалар жазғы демалысқа кетеді. Биыл өңірде 400-ден астам мектеп жұмыс істеді. Ал оқушының жалпы саны 73 996 құрады.
АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, СҚО білім басқармасының басшысы:
– 2024-2025 оқу жылында СҚО-да 444 мектеп жұмыс істеді, онда 1-11 сынып аралығында 74 мыңға жуық оқушы оқыды. 1-ші сыныпты 6 930 бала бітіреді. Оқу сабақтары 23 мамырда аяқталады.
Биыл 25-ші мамыр жексенбіге келіп тұр. Яғни, мектеппен қоштасу шарасы ертерек өтеді. Бұл ретте әкімшілік пен ата-аналар арасындағы байланыс маңызды рөл атқарады. Соңғы қоңырау соғылар күнді тараптар бірлесе таңдау керек.
АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, СҚО білім басқармасының басшысы:
– Оқу жылының аяқталуына байланысты шаралар мамырдың 23-24 күндері өтеді. Уақытты мектеп әкімшіліктері мен ата-аналар бірлесе белгілейді. Мектептердің 70 пайызы 23-ші мамырды таңдады.
Мектеппен қоштасу – адам өмірінде тек бір-ақ рет болатын шара. Оны қазір түлектер мен ата-аналар ерекше еткісі келеді. Бірақ, шамадан тыс кетуге болмайды. Бірқатар тыйымды біліп жүрген маңызды.
АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, СҚО білім басқармасының басшысы:
– Ата-аналарға ұсыныстарымыз бар. Оқу жылының аяқталуына байланысты шара мектеп қабырғасында өтуі тиіс. Қымбат аниматорларды шақыруға, көлік жалдауға тыйым салып отырмыз.
Негізгі және жалпы орта білім туралы аттестаттарды салтанатты тапсыру 18-20-шы маусым аралығында өтеді. Оған дейін балалар емтихандар тапсырады. Ал түлектер үшін ҰБТ мамырдың 16-сы күні басталып, 4-ші шілдеде аяқталады.
Байболат Құлтанов