Қоғам

Жұқпалы аурудың алдын алу шарасы

Жұқпалы аурудың алдын алу шарасы. Этиологиясы белгісіз қызба дертінің тарауына жол бермеу мақсатында Қызылжар халықаралық әуежайында арнайы оқу-жаттығу жиыны өтті. Маңызды іс-шараға әуежай қызметкерлері, жедел-жәрдем мен санитарлық-карантиндік бақылау саласының мамандары қатысты. Басты мақсат – тұрғындардың амандығын қамтамасыз ету.

ВЛАДИСЛАВА ПЛЯШЕЧНИК, көліктегі санитариялық-эпидемиялогиялық бақылау департаменті бөлімінің жетекші маманы:

– Этиологиясы белгісіз қызба – сирек кездесетін жұқпалы ауру. Негізгі белгілері – адамның басы мен денесі ауырады. Аяқ алып жүруінің өзі қиындап кетеді. Қайғылы оқиға да орын алуы мүмкін. Дерт көбінесі климаты ыстық елдерде белең алған. Елімізге де келуі ғажап емес. Сондықтан, біз ұшақ пен пойыздан түскен жолаушыларды үнемі тексеріп отырамыз. Тиісті көмек көрсетеміз.

Ең алдымен рейстен түскен жолаушылардың дене қызуы тексерілді. Білікті мамандар этиологиясы белгісіз қызба инфекциясын жұқтыруы мүмкін деген жолаушыны арнайы бөлмеге оқшаулады. Күдікті Түркия елінен ұшып келген жерлесіміз болып шықты.

Дәрігерлер жолаушының хал-жағдайын сұрап, бірден тиісті көмек көрсетті.

Тексерістен кейін жедел-жәрдем қызметкерлері науқасты бірден аурухана алып кетті. Содан соң әуежайдың іші толығымен дезинфекцияланды. Әуежайға күніне жүздеген адам келеді. Сондықтан, бұл сақтық шарасы міндетті түрде жасалуы тиіс.

Айта кету керек, облыста аталған инфекцияны жұқтыру фактісі әзірге тіркелген жоқ. Бірақ, этиологиясы белгісіз қызба дертін жұқтырған жолаушы болса, білікті мамандар дер кезінде оқшаулайды. Келеңсіз жағдайдың орын алуына жол бермейді.

 

Нұрасыл Ахмет