ҚоғамЭкология

“Отбасы ағашы” акциясы

Бүгін – Отбасы күні. Осыған орай Тұңғыш Президент саябағында “Отбасы ағашы” атты экологиялық акция өтті. Мақсаты – жанұядағы бірлікті нығайту, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоршаған ортаға деген жауапкершілікті дамыту. Шараға мектеп оқушылары және олардың отбасылары қатысты. Қатысушы жанұя саны 50-ден астам.

ЛЮДМИЛА ЛЮБОВИЦКАЯ, қалалық білім бөлімнің әдіскері:

– Мұндай іс-шаралар отбасылық құндылықтарды, бірлікті нығайтады, сондай-ақ, отбасылар арасындағы достықты көрсетеді. Жұмысбастылығына қарамастан акцияға көп ата-ана қатысып жатыр. Бұл – мақтауға тұрарлық жайт.

Ата-аналар балаларымен бірге шие, алма ағашы, қайың, шырша және қарағай көшеттерін отырғызды. Тілектерін айтып, жанұяларын мерекемен құттықтады. Шараға белсенді түрде атсалысқандардың бірі – Сейтжановтар әулеті. Жанұя мүшелері мәңгілік естелік қалдыратын акцияға қатысуды жөн көріпті.

ГҮЛДЕН БАУЕНОВА, акцияға қатысушы:

– Отбасымызбен шие ағашын отырғыздық. Кішкентай ұлдарымыз – балабақшада, негізі, үлкен отбасымыз. әл-Фараби мектеп-лицейінің атынан келіп отырмыз. Отбасыларға жақсылық, амандық тілейміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.

Шара арқылы отбасылар мен білім беру ұйымдарының өкілдері қаланың көркеюіне де үлес қосты. Бүгінгі ағаш отырғызу акциясы – ұрпақтар сабақтастығы мен өзара қолдаудың, беріктіктің дәлелі.

 

Севара Зияхан