ҚоғамЭкология

Мектеп жанынан түлектер саябағы құрылды

Түлектердің төл саябағы. А.Байтұрсынов атындағы №9 орта мектепте аптап ыстықта сая, бүгінгідей желді күні ықтасын болатын жасыл желек қатары егілді. Шара “Жасыл ел” республикалық жобасы аясында жүзеге асырылды. Биыл қолына аттестат алып, үлкен өмірге қадам басатын жастардың бірі – Яна Верхозина. Оның айтуынша, бұл саябақ мектепте өткізген оқу жылдарының символы іспеттес.

ЯНА ВЕРХОЗИНА, А.Байтұрсынов атындағы №9 орта мектебінің түлегі:

– Менің мектебім – бұл менің мақтанышым, менің балалым шағым, менің сыныптастарым және сүйікті мұғалімдерім. Оларға мың алғыс білдіремін.

Мектеп – екінші үй, ұжым екінші отбасыға айналған білім ұясына деген ризашылығымыз зор дейді жастар. Олардың идеясын ата-аналары бірауыздан қолдай кеткен. Шараға қатысушылар мұндай шаралар баланың бойында мектепке деген ризашылық, қоршаған ортаға деген қамқорлық сезімін қалыптастырады деп санайды.

ЕЛЕНА РАЗУМОВА – мектеп түлегінің анасы:

– Біз үшін толқулы сәт. Осы шара арқылы біз білім нәрімен сусындатқан мектеп ұжымына өз ризашылығымызды білдіргіміз келеді. Бұл – болашаққа жасалған қадам деп санаймын. Бүгін егілген көшет ертең жайқалған жасыл желекке айналады. Бұл іс – кішіге үлгі, қоғамға пайдалы әрі бозарша – өте көрікті ағаштардың бірі. Келешекте айналаның көркін ашып тұрады.

ГҮЛДЕН ӘЛЕНОВА, А.Байтұрсынов атындағы №9 орта мектебінің директоры:

– Бұл – мектеп түлектері мен ата-аналарының ортақ идеясы. Шараның қоғам үшін пайдасы зор. Ұйымдасып атқарған игі іс оқушылардың жауапкершілігін арттырып, табиғатқа деген қамқорлыққа баулиды. Шара ұрпақтар сабақтастығы аясында жалғасын табады.

А.Байтұрсынов атындағы №9 орта мектебінде барлығы – мың жарым бала білім алады. Биыл білім ұясынан 57 түлек түлеп ұшады.

 

Данаш Хамза