Спорт

“Қызылжар” ФК ел кубогінің жартылай финалына шықты

Жергілікті “Қызылжар” футбол клубы ел кубогының ширек финалы аясында өз алаңында семейлік “Елімайды” қабылдады. Матч жаңартылған “Қарасай” стадионында өтті. “Елімай” – қалпақпен қағып алатын команда емес. Ойыншылары шеттерінен мықты. Тіпті, Қазақстан ұлттық құрамасында өнер көрсетіндері де бар. Қос ұжым осыдан 1 ай бұрын кездескен болатын. Ол кезде қонақтар 1 де 0 есебімен жеңіске жеткен. Бүгін кеткен есені қайтару қажет. Сондықтан, теріскейлік теңбіл доп шеберлері бірден жойқын шабуылдарға көшті.

Бүгінгі ойын қос команда үшін де маңызды. Жеңіске жеткен құрама ел кубогының жартылай финалына өтеді. Яғни, еуропалық аренада өнер көрсетуге бір табан жақындайды. Ойын тартысты өтіп жатыр. Екі команда да бір-біріне дес берер емес. Алаңның әр бұрышында допқа талас жүріп жатыр.

Стадионға біршама адам жиналған. Күннің суықтығы оларға еш кедергі емес. Тек сүйікті командалары жеңіске жетсе болғаны.

– “Қызылжар” 1-ші таймда қарсыласынан басым болды. Ойын ұнап жатыр. Гол соғылмаса да тартысты өтуде.
– Шынымды айтсам, футболды сағындым. Мынадай әсем стадионда тамашалаудың өзі керемет қой. “Қызылжардың” бірде-бір ойынын қалдырмаймын.

Екі команда 90 минутта жеңімпазды анықтай алмады. Экстра-таймда да бір-бірінің қақпаларының кілтін таба алмады. Нәтижесінде пенальти сериясы орындалып, теріскейлік команданың бағы жанды.

МИЛИЧ ЧУРЧИЧ, “Қызылжар” ФК бас бапкері:

– Қарсылас – өте мықты команда. Біз бүгін ауызбіршілігіміздің арқасында жеңіске жеттік. Жасырмаймын, командада бірқатар мәселе бар. Үздік ойыншыларымыз жарақат алып қалды. Бірақ, біз еш мойымаймыз. Чемпионатта да, кубокта да зор жетістікке жету үшін барымызды саламыз.

Айта кету керек, теріскейлік команда келесі ойынын сырт алаңда астаналық “Жеңіс” командасына қарсы өткізеді.

 

Нұрасыл Ахмет