Жоғары құрылыс-экономикалық колледжінде бүгін – ерекше шара. Бір топ жас ұшқыш-ғарышкер, Кеңес Одағының батыры, облыстың құрметті азаматы Александр Викторенко атындағы диплом және алғыс хаттармен марапатталды. Бұл – білім ордасында дәстүрге айналған шара.
НАТАЛЬЯ БЫВАЛЬЦЕВА – жоғары құрылыс-экономикалық колледжі директорының орынбасары:
– Бұл марапаттау шарасы 2002 жылдан бері өткізіліп келеді. Қоғамдық өмірде белсенді, оқуда, спортта, шығармашылықта да алда жүрген оқытушылар мен студенттер және әлеуметтік серіктестерімізге қошемет көрсетеміз. 23 жылдың ішінде 300-ден астам студент, 160 педагог пен 70 әлеуметтік серіктесті марапаттаған екенбіз.
Аталған шараның жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуде маңызы зор дейді ұйымдастырушылар. Жиын әр жылдары елге танымал, қоғамға пайдасын тигізген тұлғалардың келуіне себепші болған. Тіпті, ғарышкер Талғат Мұсабаев келіп, жастарға диплом-алғыс хаттарды өз қолымен табыс еткен. Болашақ маман Мирас Төлешовтің айтуынша, бүгінгі шара оқу қуған жасқа жігер мен серпін береді.
МИРАС ТӨЛЕШ, жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің студенті:
– Мен техник-строитель боламын. 2-ші курста оқимын. Мен мұндай іс-шараларға әрдайым белсенді түрде қатысамын. Біз қазір производственный практикадамыз.
Еске сала кетейік, ұшқыш-ғарышкер Александр Викторенко теріскей өңірінде дүниеге келген. Ғарышта 489 тәулік өткізген, 19 сағат 39 минут станцияның сыртында болған. Білім ордасында Александр Степановичтің құрметіне арналған жәдігерлер бұрышы құрылған. Оның арасында ғарышкердің өзі табыс еткен скафандры да тұр.
Данаш Хамза