Білім

Білімді жастардың додасы

Бүгін елімізде 5-6 сынып оқушылары арасында республикалық пәндік олимпиада бастау алды. Сайыс онлайн режимде өтіп жатыр. Білім додасында облысымыздан іріктелген “Сен тұр, мен атайын” дейтін 16 ұл-қыз намысымызды қорғап жатыр. Жарыс жалпы білім беретін 15 пәнді қамтыды.

ИЛЬВИРА ИЛЬЯСОВА, “Қызылжар дарыны” орталығының әдіскері:

– Қатысушылардың барлығы мықты. Бір-бірінен озады. Былтыр 3 оқушымыз республикалық додада жеңімпаз атанды.

Оқушылар тест түріндегі тапсырмаларды орындады. 90 минут уақыт берілді. Көшіруге, телефон қарауға мүлдем мүмкіндік жоқ. Егер қатысушы артық қимыл жасаса платформа бірден байқап, нәтиже жойылады. Яғни, сайыс әділ өтеді деп айтуға толық негіз бар. Ұл-қыздар тек өзінің біліміне ғана сенуі тиіс. Әсел Оспан Аққайың ауданы Дайындық негізгі мектебінің 6-сыныбында оқиды. Бұрымды республикалық додаға қатысу үшін мектепішілік, аудандық, облыстық кезеңдерде жеңімпаз атанған екен.

ӘСЕЛ ОСПАН, Дайындық негізгі мектебінің 6-сынып оқушысы, Аққайың ауданы:

– Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сынға түсемін. Менің ойымша, тестте Абай туралы сұрақтар көптеп кездесетін сияқты. Басты мақсатым – жеңімпаз атанып, мектебімнің атын шығару.

Кез келген жасты жоғары деңгейге жеткізу үшін осы сияқты олимпиадаларды көптеп өткізу қажет. Бала сайыстың арқасында ысылады. Мына ұл-қыздардың арасынан болашақта ел даңқын асқақтататын ғалым шығатынына сенім мол.