Елімізде осыдан 4 жыл бұрын Президент бастамасымен пайда болған “Аңсаған сәби” бағдарламасы сәтті жүзеге асуда. Осы уақыт ішінде Солтүстік Қазақстан облысына 777 квота бөлінген. Нәтижесінде 300 жуық бала шыр етіп өмір есігін ашқан, осынша шаңырақта шаттық орнаған. Биыл да ондаған отбасыда бесік тойы болмақ.
ВИКТОР ПРОЦЕНКО, облыстық перинаталдық орталықтың гинеколог-репродуктолог дәрігері:
– Алғашқы жартыжылдық үшін біздің облысқа 60 квота бөлінді. Барлығын бөлдік. Бүгінде бағдарламаға қатысушы азаматшалардың 97 пайызы тиісті шараларды бастап кетті. Әлі кезекте 32 әйел тұр. Шілде айында тағы да есептеулер жүріп, қосымша квоталар келеді. Біз өз кезегін күткен нәзікжандыларды қамтимыз. Ерлі-зайыптылардың бақытты жүзін көру – біздің мақсатымыз.
Ал ерлі-зайыптылар үшін бұл – арман. Тілдесу барысында білікті гинеколог-репродуктолог дәрігер жүгінуші азаматшалардың жасына тоқталды. Көп жағдайда экстракорпоралды ұрықтандыруды 25 пен 32-37 жас аралығындағы әйелдер таңдайды екен. 40-тан асқандар да келеді. Өкінішке қарай, олардың сәби сүю мүмкіндігі төмендеу. Бір қуантатыны, “Аңсаған сәби” бағдарламасы бойынша берілетін квота саны артуда. Қазіргі мен бұрынғыны салыстыруға келмейді.
ВИКТОР ПРОЦЕНКО, облыстық перинаталдық орталықтың гинеколог-репродуктолог дәрігері:
– Мемлекет әр квота үшін 1 млн 300 мың теңге бөледі. Артта қалған 4 жыл ішінде біздің облыста ғана 1 млрд теңге игерілді. Бұл – өте қомақты ақша. Қазір Үкіметтің қолдауы мығым. Экстракорпоралды ұрықтандыруға келсек, бір екпенің өзі 100 мың теңге тұрады. Мұндай 5 екпе жасалады. Сонда жарты млн тек екпеге кетеді.
Бүгінде елімізде экстракорпоралды ұрықтандыру жүргізілетін 19 орталық бар. Әзірге, Петропавлда жоқ. Қызмет көрсетуші ұйымдардың ең танымалдары Астанада орналасқан. Сондықтан, көпшілік елордаға ағылады. Білікті дәрігер әр азаматша медицинаға жүгінбей табиғи жолмен-ақ ана атана алатынын айтады. Ол үшін ұл да, қыз да денсаулыққа ерте жастан мән беру қажет.
ВИКТОР ПРОЦЕНКО, облыстық перинаталдық орталықтың гинеколог-репродуктолог дәрігері:
– Қазір жастар өз-өздеріне немқұрайлы қарайды. Ерте жастан түрлі дәрі мен сусындар ішеді. Суық ауа райында күтінбейді. Сосын жеткіншек шақта төсек қатынасына түседі. Мұның бәрі әсер етпей қоймайды. Біз балаларға дұрыс тәрбие беруіміз қажет. Олар ненің бұрыс, ненің дұрыс екенін ұғынса, отбасын құрғанда өкінбейді деп ойлаймын.
Қорытындылай кетейік, “Аңсаған сәби” бағдарламасына қатысушылар шығындалмайды. Жоба әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында мемлекет тарапынан қаржыландырылады.