Ауыл шаруашылығы

Сүт өндірісін оң жолға қойған аудан

Ғ.Мүсірепов ауданындағы «Астық-Привольный» серіктестігіне қарасты заманауи сүт кешені 2021 жылы пайдалануға берілді. Жобаның жалпы құны 1,7 млрд теңгені құрады. Ал ферманың қуаттылығы 640 аналық ірі қараға шақталған. Қазір бұл жерде 856 тұяқты бар. Бір сиырдан күніне 24 литр сүт сауылады.

ЕСЛӘМБЕК КАСИНОВ, “Астық-Привольный” ЖШС ТСФ кешенінің басшысы, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Германиядан мал әкелдік. Симментал тұқымды ірі қараға таңдау жасадық. Жемшөппен толық қамтамасыз етілген: сүрлем, пішен, шөп, сабан. Барлығын береміз. Тәуліктік сауын көлемі 8,2-8,3 тоннаны құрайды. Шикізатты «Маслодел» ЖШС-ға тапсырамыз. Кәсіпорыннан машина келіп, ақты алып кетеді.

Тауарлы-сүт фермасында 38 маман жұмыс істейді. Сиырларға арналға 2 кешен бар, жас ірі қара үшін бөлек нысан салынған. Ал сауын залында «Елочка» қондырғысын көреміз. Германиядан алынған жабдық өзін жақсы қырынан көрсетіп үлгерген.

СВЕТЛАНА ЗИДЕВИЧ, “Астық-Привольный” ЖШС қызметкері, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Еденнің өзі жылы, жылы су ағады, қолайлы жағдай жасалған. Бір мезетте 28 сиыр сауылады. Бұл тамаша көрсеткіш дегім келеді. Қондырғы сиырларды тез және сапалы саууға мүмкіндік береді. Жұмыс 06:30-да басталады, таңғы 10-да аяқталады – бұл таңертеңгі сауын. 14:30-дан 17:00-ге дейін – түскі сауын, ал 21:30 бен 00:00 аралығында кешкі сауын болады.

Фермадағы процесс толығымен автоматтандырылған: жануарлардың сауылуы мен жай-күйі туралы деректер арнайы датчиктердің арқасында бағдарламаға келіп түседі.

ОЛЕГ СОКОЛОВ, “Астық-Привольный” ЖШС сауын залының операторы, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Бұл компьютерде Uniform бағдарламасы орнатылған. Оның көмегімен сауын залындағы әрбір сиырдың жай-күйін біле аламыз. Сауылатын сүттің көлемін де анықтауға мүмкіндік бар. Деректер ортақ базаға түседі. Сонымен қатар, өткен күндерге де шолу жасаймыз. Мысалы, маған қызметкер келіп, ірі қара туралы сұраса, мен тұяқтының туған күнінен бастап соңғы ауруына дейінгі барлық жайтты ұсына аламын.

Жемшөпті серіктестік өкілдері дайындайды. 10 мың га жері бар, оның бір бөлігі мал шаруашылығына бөлінген. 2024 жылдың қорытындысы бойынша кәсіпорында 3 мың тоннаға жуық сүт сауылған.