Балалар

Мамлюттік оқушылар көрермен көзайымына айналды

Мамлют ауданында өнер мектебі оқушыларының есеп беру концерті өтті. Шара Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған. Мына бөлмеде өткеннен сыр шертер суреттер ортаға қойылған. Туындыларға қарасаң құдды бір өткен шаққа түскендей боласың. Шараға аудан әкімі Елена Степаненко қатысып, оқушылардың өнеріне оң бағасын берді.

Содан соң барлығы аудандық мәдениет үйінің акт залына ойысты. Концертте 20-ға жуық туынды паш етілді. Ұл-қыздар соғыстың қайғылы сәттерін жүрекке жеткізді. Ашық аспанның қадірін ұғындырды.

АЛМА БЕКШЕНТАЕВА, Мамлют аудандық білім бөлімінің меңгерушісі:

– Концертте ауданымыздың түкпір-түкпірінен келген 150-ден астам бала өнер көрсетеді. Барлығы шеттерінен мықты. Бір-бірінен озады. Бұл шараны тегіннен-тегін өткізіп отырған жоқпыз. Осындай концерттер арқылы баланың деңгейі өседі. Мүмкін ауданымыздан әлемге танымал жұлдыздар шығып қалар.

Концертте соғысқа қатысты туындылар ғана орындалған жоқ. Қазақтың рухты әндері шырқалып, көңілді көтеретін қойылымдар да қойылды.

ЛЕЙСАНА ҚАППАС, Бексейіт орта мектебінің 8-сынып оқушысы, Мамлют ауданы:

– Домбыра тартып жүргеніме 6 жыл болды. Бүгін “Ертұран” атты күйді көрермен назарына ұсынамын. Бірнеше рет облыстық байқауларда жүлдегер атандым.

Концерттік зал көрермендерге лық толы болды. Көбі – аға буын өкілдері. Шараның арқасында олар балалық шақтарын еске алды. Айта кету керек, концертте көзге түскендер түрлі марапаттарға ие болды. Енді олар облыстық байқауларда аудан намысын қорғайтын болады.