Құқық қорғау органдары

Интернет-алаяққа алданған петропавлдық екі бірдей пәтерін сатып, ақшасын қуларға берген

Петропавлда полицейлер зейнеткерді “қаржылық құзға” құлаған жерінен құтқарды. 66 жастағы әйел адамға біреу қоңырау шалып, өзін құқық қорғау органының қызметкерімін деп таныстырған. Пәтеріңізді алаяқтар тартып алмақшы, әрекеттерін тоқтату үшін үйді сату бойынша тезірек «жалған мәміле» рәсімдеу қажет деп сендірген. Алаяқтың арбауына түскен әйел бірден екі пәтерін сатып жіберіпті. Тіпті, бұл іс-әрекетті ешкімге жария етуге болмайтын тергеу құпиясы деп түсінген. Мұнда бір шикіліктің барын сезген туыстары жәбірленушіні полицияға жүгінуге көндіріпті.

Жәбірленушінің қызы:

–  Менің анам – ақыл-есі дұрыс, адал адам. Күтпеген жерден алаяқтарға алданып қалды. Алаяқтар оған ақпаннан сәуірге дейін тоқтаусыз қоңырау шалған. Қулар хабарласқан сайын арнайы операция жүргізіліп жатқандығын айтып, өз мүлкін қорғау қажет деп сендірген. Тіпті, анама қатысты саяси себеппен қылмыстық іс қозғалып, тергеу құпиясын жария еткені үшін жауапкершілікке тартылады деп қорқытқан. Біз бұның қалай болғанына әлі күнге дейін сене алмай отырмыз.

Жәбірленуші қомақты қаржының бір бөлігін қылмыскерлер көрсеткен шотқа аударған, ал қалған 27 млн теңгесін курьерге берген. Ол ақшаны Астана қаласына жеткізген. Қаражат ары қарай «дропперлер» арқылы шетелге аударылуы тиіс болған. Жедел уәкілдердің үйлесімді жұмысының нәтижесінде ақша шетелге жөнелтілгенше тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды. Айта кету қажет, жәбірленуші банк чектерін сақтап қойған. Бұл аударылған соманы сот арқылы қайтарып алуға мүмкіндік береді.

МИЛЕНА БАЛАЦКАЯ – СҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:

– Облыста жыл басынан бері интернет-алаяқтықтың 217 фактісі тіркелді. Киберқылмыскерлер зейнет жасындағы адамдарға қоңырау шалып, өздерін құқық қорғау органдарының және өзге де қызметтердің өкілі ретінде таныстырады. Аңғал адамды алдап-арбап, өз дегеніне көндіреді. Мұндай жағдайға кез келген адам кез болуы мүмкін. Сол себепті, сақ жүру керек.

облыста ақпараттық технологияларды қолдану арқылы жасалатын қылмыстардың алдын алуға және жолын кесуге бағытталған «Anti-fraud» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері ешқашан мессенджер арқылы қоңырау шалмайды және қандай да бір қаржылық операция жасауды сұрамайды. Егер күштік құрылымдардың атынан осындай қоңырау түссе, дереу сөйлесуді тоқтатып, ақпаратты тексеру үшін аталған органның атына жүгінген жөн.

 

Данаш Хамза