Қоғам

Баланың құқығын қорғау мәселесі талқыланды

Кәмелетке толмаған жастың құқығын қорғау. Бүгін құзырлы орган өкілдері бас қосып, аталған тақырып төңірегінде пікір алмасты. Мәселе өзекті. Оқу жылының аяқталуына жақын қалды. Қолдары сабақтан босаған балалар бос уақыттарын нәпақа табуға арнауы мүмкін. Міне, осы сәтте ол интернет-алаяқтың арбауына түсуі ықтимал. Әлеуметтік желіде аңғал адамды торыған қулар кәмелетке толмағандарды дроппер ретінде пайдалануы мүмкін. Сондай-ақ, жиында бала қоғамнан қысым көрген жағдайда қайда, кімге жүгінуі қажет және оны психологиялық тұрғыда қолдау мәселесі талқыланды.

МИЛЕНА БАЛАЦКАЯ – СҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:

– Тіркелген құқықбұзушылықтардың арасында интернет-алаяқтық алдыңғы орында тұр. Төрт айдың қорытындысы бойынша осындай 217 факті анықталды. Әр интернет-алаяқтық дропперлердің қатысуымен жасалады. Қулар жәбірленушіге ғана емес, дроппер ретінде пайдаланған жасқа да өз зиянын тигізеді. Сол себепті, кәмелетке толмаған бала аяғын шалыс баспас үшін олардың құқықтық сауаттылығын арттыру қажет деп есептеймін.

НАТАЛЬЯ КАЧАЛКИНА, СҚО білім басқармасы жанындағы психологиялық қолдау орталығының директоры:

– Біз бүгін жасөспірімдерді қолдауға арналған “Жан хаттары” атты жобамыздың тұсауын кесеміз. Іс-шараға 8-10 сынып оқушылары мен 1-2 курс студенттері қатысты. Жобаның мәнісі мында, яғни кез келген жас толғандырып жүрген мәселесін қағаз бетіне жазып, солай уайымнан арылады. Осындай 30-ға жуық хат келіп түсті. Мамандар балалардың жан-дүниесімен таныса отырып, оларды қолдау шараларын талқылайды.