Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу және вегетациялық кезеңді өткізу мәселелері қаралды. Еліміздегі биылғы егіс алқабы 23,7 млн гектарды құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 413 мың гектарға көп. Үстіміздегі жылы мемлекеттік қолдау көлемі едәуір ұлғайды. Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге – 700 млрд, жеңілдетілген лизинг бағдарламаларына 200 млрд теңге бөлінді. Олжас Бектенов әкімдіктерге бюджет қаражатының мақсатты және ұтымды пайдаға асуына тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар, Су ресурстары және ирригация министрлігі Қаржы министрлігімен және облыс әкімдіктерімен бірлесіп, ауыл шаруашылығында су үнемдейтін технологияларды енгізу жұмысын жандандыруы тиіс. Су тапшылығы қаупі жоғары өңірлерді басым тәртіппен қаржыландыруды көздеу және диқандардың тамшылатып және жаңбырлатып суаруға көшуін ынталандыру жөніндегі шаралар кешенін іске асыру тапсырылды. Премьер-министр Ауыл шаруашылығы министрлігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп, көктемгі егіс жұмыстарының, оның ішінде Үкімет жанындағы Жедел штаб шеңберінде сапалы жүргізілуіне бақылауды қамтамасыз етуі қажет екенін атап өтті.