Қоғам

“Ұрпақтар жадындағы Жеңіс алауы” байқауының жүлдегерлері марапатталды

Қызылжар ауданында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арнап қаңтар айында бастау алған байқаудың жүлдегерлері марапатталды. Қатысушылар майдангер туысы туралы шығарма жазуы керек болған. Солардың бірі – Алма Әубәкірова. Ол өз жұмысын соғыстың қасіретін көрген майдангер әкесіне арнады. Нәзікжанды мақала жазып қана қоймай, әкесі мен оның ағалары туралы да деректер жинап, кітап шығарған. Бұл – 20 жылдың еңбектің нәтижесі.

АЛМА ӘУБӘКІРОВА, ҰОС ардагері Қ.Жүсіповтің қызы:

– Менің әкем Қайрат Жүсіпов 316-шы атқыштар дивизиясының құрамында шайқасты. Ол кейін 8-ші гвардиялық дивизия болып өзгертілді. Аталған дивизия жауды Қызыл алаңға дейін жібермей, Мәскеу түбінде тоқтатты. 1941 жылы қазан айында кеңес әскерлерінің алғашқы жеңісі болды. Мен осы жайлы «Опаленные войной» атты кітап жаздым.

Байқауды аудандық ардагерлер кеңесі мен жергілікті «Маяк» газетінің ұжымы ұйымдастырған. Сайысқа 35 адам қатысыпты. Оның 15-сі – аудан мектептерінің оқушылары. Қатысушы авторлар қос аталым – өлең мен мақала жазудан сынға түскен.

НАТАЛЬЯ ТЕСЛЯ, “Маяк” Қызылжар аудандық газетінің редакторы:

– Байқау Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақстандықтардың тарихи ерлігін паш ету және жастарды патриотизмге тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылды. Конкурс қаңтар айының ортасында жарияланды. Барлық жұмыстар аудандық «Маяк» газетінде жарық көрді. Мұндай белсенділік пен қызығушылық ешкімнің ұмытылмағанын және ешнәрсе де ұмыт болмайтынын көрсетеді.

Сайысқа жас буыннан аға буынға дейін қатысқаны қуантты. Байқаудың соңында әр қатысушыға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

Севара Зияхан