«Радуга» серіктестігінің шемішке қуыру цехында қызу тірлік бір сәтке де тоқтамайды. Мұнда алғаш келетіндердің бірі – Елена Симонова. Осы жерде еңбек етіп келе жатқанына 20 жылға таяған. Азаматшаның міндеті сырт көзге қарапайым болып көрінеді. Алайда, оның жұмысы асқан қырағылық пен төзімділікті талап етеді. Күн сайын оның қолынан 4-5 тонна шекілдеуік өтеді. Айлық көрсеткіш 80 тоннаны құраса, жылдық көлем – 900 тонна.
ЕЛЕНА СИМОНОВА, «Радуга» ЖШС шемішке қуыру цехының өлшеуші-іріктеушісі:
– Кез келген жұмыс ауыр, бәріне үйренуің қажет. Қызметім өзіме ұнайды, жалақыға келсек, көңілім толады. Басшылықпен тығыз қарым-қатынастамыз. Бастапқыда мұнда басқа құрал-жабдықтар болды, қиналатын едік. Бертін келе барлығы жаңаланды. Қазір аса қиналмаймыз. 2 күн жұмыс істеп, 2 күн демаламыз. Өте қолайлы дегім келеді. Үйдегі тірліктер кейінге қалмайды, бәріне үлгеруге болады.
Ұжым өте ұйымшыл. Қызметкерлер бір-біріне көмектеседі. Осындай сыйластықтың, қолдаудың арқасында жұмыстың ауырлығы аса сезілмейді.
Жұмыстан тыс жерде Елена – сүйікті әйел және қамқор ана. Ол бос уақытын отбасымен өткізуді қалайды. Жанұясы оған күш пен шабыт береді. Ұжымдастары оны тәжірибесі үшін ғана емес, сондай-ақ жомарттығы үшін де бағалайды. Білікті маман жас қызметкерлерге әрдайым көмек береді, ақылын айтады. Осы үшін басшылық азаматшаға құрметпен қарайды.
ЮРИЙ НИКУЛИН, «Радуга» ЖШС шемішке қуыру цехының басшысы:
– Шемішке қуыру цехында 23 адам жұмыс істейді. Елена Симонова қатарға 2007 жылы қосылды. Содан бері 18 жыл уақыт өтіпті. Қызметкерлер арасында өзін тек жақсы жағынан көрсетті. Өте еңбекқор. Оны бәрі таниды, құрметтейді.
Әр жұмыстың артында адам тұрады. Елена Симонова – солардың бірі. Нәзікжанды үшін сапа және сатып алушылардың оң пікірі – ең басты жетістік.
Байболат Құлтанов